Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің зооволонтерлері облыс тұрғындарын әрдайым жануарларға көмектесуге шақырады. Олар макулатура тапсыру шарасын дәстүрге айналдырған.
Еріктілердің айтуынша, тұрғындардан жиналған қағаз қайта өңдеуге тапсырылып, жиналған қаражат жануарларды оңалту орталығының қажеттіліктеріне жұмсалады. Бүгінде «Сердца Павлодара» қоғамдық қорының орталығында 100-ден астам ит-мысық бар. Бұл жерде төрт аяқтылар емделеді, тіпті, қаммқор азаматтарға табысталып жатады.
Мақсатымыз – жануарларды қатыгез адамдардан қорғау. Көмекке зәру әр ит пен мысықты қамқорлыққа алуға тырысамыз. Олардың көбіне ем керек. Бізге ветеринариялық клиникалар көмек көрсетеді. Жануарлардың өміріне бейжай қарамайтын азаматтар да қол созып жатады, - дейді зооволонтерлер.
Еріктілерге көмекке келгендердің қатарында қылмыстық-атқару жүйесінің ұжымдары да бар.
АП-162/4 мекемесінің қызметкерлері макулатура жинап, жануарлар орталығына тапсырды. Жиналған қаражат жануарлардың қажетіне жұмсалады. Біз де шет қалмай, акцияға қатысуғы ұйғардық, - дейді мекеме бастығы Ербол Шәріпов.
Айта кетейік, қамқор павлодарлықтардың көмегімен көптеген ит-мысық емделіп, қалыпты өмірлеріне оралып жатады.
Орталық қонақтарының қатарында «Кәрі» деп аталып кеткен ит бар. Ол құрылыс алаңында тұрды. Адамдар ұрған сияқты, себебі, омыртқасына зақым келген. Бұл туралы волонтерлер білген соң, орталыққа алып кетті. Қазіргі уақытта төбет жүре бастады. Волонтерлердің қамқорлығының арқасында ит жазылып кетті. Алдағы уақытта жаңа иесі табылады деген үміттеміз, - дейді мекеме мамандары.
Волонтерлер картон, қораптар, газет-жунналдар, тіпті, темекі қораптарын жинайды. Акцияға неғұрлым көп адам қатысса, жануарларға да соғұрлым көмек көрсетіледі.