Төтенше жағдай жарияланғалы Атырау облысында бөгет бекіту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Оған жауаптылар мен әскерилерден бөлек түрлі мекемелерден 1851 қызметкер жұмылдырылды. Тағы 3293 ерікті өңірді тасқын судан аман алып қалу үшін бел жазбай жұмыс істеп жүр. Сондай жандардың бірі - Мейрамгүл Есниязова, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұстаздық пен депутаттыққа қоса волонтерлікті де қатар алып жүрген тұрғын "Еріктілік - еріккендік емес" дейді. Сұхбатында бұл жолға қалай келгенін айтып берді.
- Дәл қазір зардап шеккен өзге өңірлерге, одан қалса Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласына гуманитарлық көмек жөнелту бағытында жұмыс істеп жатқандарыңызды білеміз. Сол бойынша айтып берсеңіз?
Төтенше жағдай жарияланып, от пен судың құрсауында қалған өзге облыстарға жиналып жатқан гуманитарлық көмектерді ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасынан табылып келеміз. Жалпы қиындыққа ұшырап қалған өңірлерге гуманитарлық көмек көрсетуден Атырау алдыңғы орында ғой. Асқан белсенділікпен және жауапкершілікпен жүзеге асырады бұл жұмыстарды. Биыл да ең бірінші гуманитарлық көмек жинау штабы көршілес Ақтөбе облысының суға кеткен ауылдарына көмек көрсету үшін құрылған болатын. Артынша Құлсары қаласы қарғын судың астында қалып, Атырау қаласының өзін су шайып кету қаупі бар екені мәлімденіп, төтенше жағдай жарияланды. Қазір гуманитарлық көмектер екі бағыт бойынша жүріп жатыр. Алғашқысы Құлсарының суға кеткен ауылдарына тікелей жіберілген көмектерді Атырау қаласында қабылдап, сұрыптап, жөнелту жұмыстары жүруде. Одан бөлек Атырау қаласында Жайық өзені бойындағы бөгет салу жұмыстарына қажетті күрек, қолғап, қапшық сияқты заттарды қабылдап, оны осы жұмыстарды жасап жатқан еріктілерге таратып жатырмыз.
- Өзіңіз ұстазсыз. Негізгі жұмыс пен еріктілікті қатар алып жүру қиын емес пе?
Мамандығым - мұғалім. Алдымнан жүздеген шәкірт өтті. Барлық оқушының сабаққа деген ынтасы жақсы болмайды ғой. Осындай кезде еріктіліктің көмегі зор. Өзімнің позициям – ерке,тентектеу деген балаларды қоғамдық жұмыс арқылы тәрбиелеуге тырысамын. Мысал ретінде айтып өтсем, осыдан екі жыл бұрын 9-сыныпта оқитын бір тентектеу оқушым болды. Сабақ үлгерімі де нашар, мектептегі мұғалімдерді де ренжітетін. Анасының өзі маған талай хабарласып, "Балам үйден кетіп қалды, үйге кері келуіне көмектесіңізші", дейтін. Өзі секілді тағы бір тентек баланы қасына қостым да, "Кеттік, бір мұқтаж отбасыға тамақ апарып келейік, сендердің маған көмектерің керек болып тұр", деп өзіммен бірге волонтерлікке алып кеттім. Әлгі үйді, онда тұрып жатқан адамдардың жағдайын көріп алғашында шошып кетті екеуі. Біразға дейін үні шықпай
отырды. Артынан " Апай, осындай үйде өмір сұріп жатқандар бар ма не?", деп тіл қатты. Екеуінің тәртібі бірден түзеліп кетті деп айта алмаймын. Дегенмен қасыма алып біраз ортаны көрсеттім, ерекше балалардың орталығына апарып эстафеталық жарыстарға да қатыстырдым. Балалар үйінің тәрбиеленушілерімен бірігіп, сурет те салды, қарттар үйінде концерттер қойдық. Екеуінің телефонға әуестігі басым еді. Сол себепті көбіне іс-шараларды бейнеге түсіртіп, монтаждатып қоятынмын. Екі жылдан кейін мамасы телефон шалып, рахметін жаудырды. Қазір баласы 11-сынып оқиды. Мобилограф болып, сабақтан бос уақытында табыс тауып, анасына көмектесіп жүр. Осындай өзгерістерді көргенде, еңбегіңнің еш кетпегеніне қуанасың.
- Жергілікті жұрттың дені сізді жақсы біледі. Дүниежүзілік коронавирус пандемиясы белең алғанда да қауіптің ортасында жүрдіңіз. Өзіңізге, отбасыңызға зияны бар екенін біле тұра, қызыл аймаққа кіруге қорыққан жоқсыз ба?
Еріктілікке келуіме осы пандемия да себеп болды деп айта аламын. Бұрын волонтер деген терминді айналамнан естіп жүрсем де, аса қатты мән бермеппін. Волонтерлер қаржы ғана жинайды деп ойлайтынмын. Бір кездері әріптесім әрі сіңілім маған, "Артыңа бұрылып қарашы, осы өмірде балаларың менің анам осындай болған деп мақтанатындай іс тындырдың ба?", деп оқыстан сұрақ қойды. Шынымен жасым 35-ке келсе де елім үшін ауыз толтырып айтатындай ешнәрсе жасамаппын. Содан келіп ойланайын, әдеби кітаптарды бала күнімнен сүйіп өскен соң ба, менің қиялымда елім үшін қандай ерлік жасасам екен деген ой тұрды да қойды. Ештеңеге миым жетпеген соң, бұл қиялым күннен күнге ұмытылып, есімнен де шығып кетті. Сөйтіп жүргенде 2020 жылға да аяқ бастық. Тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді шулатқан пандемия кезеңі басталды. Өзімнің де отбасылық жағдайымда қиындықтар пайда болып, ойымды басқа дүниеге алаңдату үшін Атырау волонтерлік штабына келіп қосылдым. Өңірдің түкпір-түкпірінен жасына, мансабына, жынысына қарамастан бір ортаға жиналған волонтерлермен бірге 7000 үйге азық-түлік себетін тасыдық. Одан дәрі-дәрмек тараттық. Сол 2020 жылдың шілде айында Атырауда короновирустың екінші толқыны келіп соқты. Адамзат үшін нағыз қиын шақ басталды. Ауруханаларда орын болмай, шұғыл түрде Атыраудағы облыстық аурухананы ковид, пневманиямен ауырып қалғандарды қабылдау үшін іске қосты. Досым екеуміз қандай көмек керек екен деп ауруханаға бардық. Сөйтсек ол жақтағы жағдай біз ойлағаннан да қиынырақ екен. Науқастарға оттегі жетпей жатқанын, оны тасып жүрген медбикелер екенін, әйел адамдардың 70- келі болатын оттегі баллондарын әрең тасып жүргенін көрген жанымдағы екі жігіт бірден аурухананың қызыл аймағына өз еріктерімен кіріп кетті. Мен алғашқы аптада ауурухана ішіне кіруге жүрексініп, артынан қол күшінің керек екенін біліп, қалай оттегі баллондарын тасып кеткенімді байқамай қалдым. Ол жерде баллондардың ауырлығын, аурудың қауіптілігін ойлайтын уақыт жоқ. Көз алдыңда науқас адам ауа жетпей демігіп жатқанын көргенде есіл-дертің тезірек баллондарды жеткізіп, жалғап, өмірін алып қалсам деген ой тұрады. Сөйтіп ойда-жоқта осылай ерікті деген әлемнің есігін аштым. Қазір жасым 41-де. Бір кездері досымның қойған сұрағы сеп болып, балаларымның да, Отанымның да алдындағы борышымды айналама жақсылық жасаумен адалдықпен атқарып жатырмын деп ойлаймын.
- Пандемиядан кейін заңды түрде тіркеліп, ұйым құрдыңыздар. Басты бағыты қандай?
Пандемия уақытында волонтер болып жүрген кезімде бастығым күлетін. "Мира, есің дұрыс па, осы саған неге керек? Бала-шағаңның қасында отырмайсың ба? Еріккендік қой" деп айтатын. Бір күні өзі қатты ауырып, көмек сұрады. Қолұшын создым. Тәуір болған соң, "Сөзімді қайтып алдым. Бұрын мен волонтерлер неге керек деп ойлайтынмын, сөйтсем әлем осындай мейірімді, ізгі жандардың арқасында әдемі екен ғой", дейді. Көбі еріктілікті еріккендік деп ойлайды. Бұл қате пікір. Адам баласы айналасынан жақсылықты күтсе, ең әуелі өзінен бастауы керек. Сен қандайсың, өмір де, айналаң да саған солай қарайды. Еріктілер қанша адамның әлеуметтік мәселесінің шешілуіне көмектесуде. Көбіне қоғамда әлеуметтік, медициналық, білім, төтенше жағдай волонтерлері танымал ғой. Одан бөлек «Про-боно» волонтерлік деген бар. Яғни кез-келген адам өз саласы бойынша білгенін тегін үйретсе, көмектессе ол да – волонтрелік. Бір мұқтаж адамның көмегіне жарадың деген сөз. Мысалы мықты заңгер, аптасына бір сағатын бөліп әлеуметтік осал топ өкілдеріне тегін заңгерлік кеңесін берсе, ал бір мұғалім осындай отбасының балаларына аптасына бір сағатын арнап тегін сабақ үйретсе, мұның бәрі айналаңа жасап жатқан жақсылығың. Үлгі боласың. Өсіп келе жатқан жас толқын сені идеал көріп, өзі де сендей болуға ұмтылады. Бүгін жүрегі мейірімді волонтерлердің саны 1000 болса, осы волонтерлердің жасап жатқан сауапты істерін көріп өскен балалар, ержеткен соң 10000 болады. Адамда мейірімді жүрек болса, жасөспірімдердің арасындағы қылмыс та, бұзақылық та, құқықбұзушылық та азаяды.
2020 жылдан кейін бейбіт заманымызға қайта оралдық қой. Бірақ волонтерлікті қойып кете алмадым. Сол кезеңдерде жиналған достарды орта жолдан тастап кетпей, волонтерлікті әрі қарай жалғай берейік деп шешіп, "Жаныңдамын!" волонтерлік ұйымын құрдық, заңды түрде тіркелдік. Атауының өзіне де қатты мән бердік. Өмірдің уақытша сынағына тап болып қалған барша жанның жанынан табылғымыз келді. Балалар үйімен де, қарттар үйімен де, мүгедектігі бар балалар мен ересек жандардың, әртүрлі санаттағы адамдардың барлығымен түрлі шаралар ұйымдастырамыз.
- Қоғамдық жұмыстарға ерікті ретінде ғана емес, депутат ретінде де араласасыз. Басты ұстанымыңыз бен мақсатыңыз қандай?
Халықтың бата-тілегінің арқасында шығар, волонтерліктен басталған жолып қазіргі таңда депутаттыққа ұласты. Былтыр қалалық мәслихат депутаты болып сайландым. Бұрын көмек сұраған жандарға тек материалдық, психологиялық, заң жағынан көмектесіп жүрсем, бүгінде олардың жанайқайын жауапты органдарға жеткізіп, әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне атсалысудамын. Өзімнің қызым мен баламды жанымнан тастамаймын. Ізгі әлемді менің балаларым да жасайды. Сол іске дағдыланғандарын қалаймын.