Ерейментаудың туристік әлеуетін арттыру қолға алынды

27 Мамыр 2021, 10:48
2223
Бөлісу:
Ерейментаудың туристік әлеуетін арттыру қолға алынды

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ерейментау – Ақмола облысының туристік индустриясын дамытудағы алты базалық ауданның бірі. Туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде туризм индустриясы нысандары, атап айтқанда, қонақ үйлер, демалыс орындары, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын көбейту қолға алынуда.

Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжановтың айтуынша, ауданда жол бойындағы бес дәмхана, екі лагерь, бес демалыс үйі және бірнеше қонақ үй бар.

Елімізде туризмді дамытуды тарихи және мәдени көрікті жерлерсіз елестету мүмкін емес. Аудан аумағындағы киелі орындарға экспедициялар ұйымдастыру тұрақты негізде жүзеге асырылады. Экспедиция аясында жаңа эко-туристік бағыттарды дамытуды ұйымдастыру және өңірдің туристік әлеуетін зерттеу бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. «Қазақстанның киелі картасы» жобасы аясында Ерейментау ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жиырма киелі орын анықталды, - деп түсіндірді Абай Әлжанов.

Оның айтуынша, өткен жылы ауданның таңғажайып көлдері шетелден келген көптеген туристің назарын аударды. Осыған байланысты санаторийлер, демалыс үйлерін салғысы келетін, сондай-ақ туристерге демалу үшін қолайлы қызметтер көрсететін және инвестиция салуға дайын азаматтарға жан-жақты көмек көрсетіледі.

«Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы өзінің көркем табиғатымен таң қалдырады. Аумақта балаларға арналған жазғы лагерь және «Этно-ауыл» кешені іске қосылды. Сондай-ақ, табиғи парк аумағында экскурсия ұйымдастырылады, оған трансфер, гид және тамақтану қызметтері кіреді», - деп атап өтті аудан әкімі.

Сонымен қатар, аудандағы инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнеркәсіптік өндірісті ұлғайту, бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту мақсатында инвестициялық жобалар жоспарланған.

Ерейментау ауданы демалушыларды тек Нұр-Сұлтаннан ғана емес, еліміздің басқа өңірлері мен көрші мемлекеттерден де қабылдайды. Қалыпты табиғи, зоологиялық, гидрологиялық жағдай, мәдени және тарихи ескерткіштердің болуы туристік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Жақын арада Ерейментау ауданына келетін туристер мен қонақтар үшін туристік қызмет қолжетімді болады, – деп толықтырды Абай Әлжанов.

Өзгелердің жаңалығы