Астананың іргесіндегі Ерейментау жерінде үш бірдей тарихи тұлға — Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың 345 жылдығы, шөбересі Саққұлақ бидің 225 жылдығы және дін қайраткері Сәдуақас қажы Ғылмани бабаның 135 жылдығы кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Әдебиет порталына сілтеме жасап.
Қасиетті мекенде өткен аруақтарға арналған аста ұлттық ойындар ойнатылып, ат шаптырылып, көкпар тартылды. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ Өзбекстаннан да батырдың ұрпақтары мен қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері келді.
Мерейтой шымылдығын жазушы, қоғам қайраткері Сайлау Байбосын ашып, бұл күн тек тарихи даталар ғана емес, ұлттың рухани жадына құрмет көрсететін ерекше сәт екенін атап өтті.
Ал мемлекет және қоғам қайраткері Қасым Тәукенов Бөгенбай бабаның есімін тарихи шынайылығымен – «Қанжығалы қарт Бөгенбай» деп толық атау қажеттігін айтты. Оның пікірінше, бұл – батырдың тек жаужүрек ерлік иесі ғана емес, қолбасшы, көреген көсем ретінде мойындалуының айғағы.
Аталған шара — бабалар рухына тағзым ғана емес, өскелең ұрпаққа тағылым, ұлт тарихын жаңғыртудың жарқын үлгісі болды.
Дүбірлі ас жайында толық репортажды Әдебиет порталынан оқи аласыздар.