Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытатын білім беру ұйымдары өз бағдарламаларын жеке даму ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне сәйкес бейімдеуі керек. Мұндай өзгеріс Парламент депутаттары қабылдаған инклюзивті білім туралы заңда көрсетілген.
Біздің елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 162 мыңнан астам бала бар. Яғни бұл елдегі балалардың жалпы санының 2,7%-ын құрайды. Осыған байланысты, 2011 жылдан бастап Қазақстанда инклюзивті білім беруді кезең-кезеңмен дамыту басталды. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында инклюзивті орта құру бойынша шаралар көзделген.
Сондықтан заңнамалық деңгейде реттеуді талап ететін мәселелер заң жобасында көрініс тапты, - дейді сенатор Нариман Төреғалиев.
Заң жобасында кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау мәселелерін мемлекеттік реттеу тұрғысынан құзыретті органдардың функциялары нақтыланған.
Енді жаңа нормаға сәйкес, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары скрининг нәтижелерiн және «қатер» тобындағы балаларды ата-анасының немесе өзге заңды өкілдерінің келiсiмiмен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларға жiберудi қамтамасыз етедi.
Сонымен қатар, заң жобасында білім берудің барлық деңгейлерінде оқыту үшін арнайы жағдайлар жасау есебінен ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін мемлекеттік кепілдіктер қарастырылған (арнайы жағдайлар, әмбебап дизайн және (немесе) ыңғайлы құрал-жабдық қағидаттарын ескере отырып, мемлекеттік құрылыс нормалары мен стандарттарына сәйкес білім беру ұйымдарының ғимараттарына, құрылысжайлары мен үй-жайларына қолжетімділік жасауды қамтамасыз ету көзделген).
Бұған қоса, заң жобасының нормасына сәйкес, мемлекет ерекше білім беруді қажет ететін адамдарға (балаларға), білім алу нысандарын таңдау құқығын беруді қоса алғанда, білім беру жүйесі ұсынған шекте, олардың жеке даму ерекшеліктерін ескере отырып, олардың өзін-өзі жетілдіруіне, білім берудің барлық деңгейлерінде өмір бойы оқуын жалғастыруына, өздерінің қабілеттерін еркін дамытуға жағдайлар жасайды.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау ескеріле отырып жүзеге асырылады. Бұл ретте білім беру бағдарламаларына сәйкес бастауыш және негізгі орта білім алудың ұзақтығы он жылдан кем болмауға тиіс.
Білім беру ұйымдарына қабылдаудың үлгілік қағидаларын бұзғаны немесе білім алу үшін арнайы жағдайлар жасамағаны үшін білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігі де қарастырылды, - дейді депутат.