Үкімет басшысы депутаттардың сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін Мәжіліс отырысында депутат Нартай Аралбайұлы бастаған депутаттар тобы жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік мәселесін көтеріп, сауал жолдаған еді. Қойылған сұрақтарға Премьер-министр Әлихан Смайылов жауап берді.
2022 жылы заңнамалық деңгейде «баланы жәбірлеу (буллинг)» ұғымы енгізілді, баланы оның көріністерінен қорғау құқығы бекітілді, буллингтің алдын алу қағидалары қабылданды. Балаларға қатысты дене зорлық-зомбылық фактілері анықталған кезде, сондай-ақ психикалық жарақатқа байланысты бұзылулар кезінде медициналық көмек және оңалту педиатриялық көмек көрсетуді, халыққа психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады, - деді ол.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, балаларға не олардың ата-аналарына шұғыл психологиялық және құқықтық көмек көрсету үшін барлық өңірлерде білім басқармаларының жанында байланыс орталықтары және «balaqorgau» вебсайты жұмыс істейді.
2023-2026 жылдары директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар, сынып жетекшілері үшін білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықтың алдын алу, жәбірлеу, суицидтің алдын алу мәселелері бойынша біліктілікті арттыру курстарын өткізу көзделген. Яғни жыл сайын 11 мың адам, - деді Үкімет басшысы.
Ал балаларға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтініштерді қарау үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан сараптамалық топ құрылған.
Жекелеген лауазымдар бойынша білім беру ұйымдары қажет болған жағдайда əлеуметтік педагогтың штат бірлігі қосымша белгіленеді. Аз қамтылған және қолайсыз отбасылардан шыққан балаларды қолдаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру үшін қазіргі уақытта уәкілетті орган барлық орта білім беру ұйымдарында әлеуметтік педагог лауазымын міндетті түрде енгізу, сондай-ақ олардың жалақысын арттыру мәселесін қарастырылып жатыр, - деді Премьер-министр.
Әлихан Смайылов кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жалғасатынын айтты.
Бұл мәселе біздің ерекше бақылауымызда. Үкімет осы мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, оларды шешу бағытында қоғам өкілдерінің және депутаттық корпустың атсалысуымен талқылауға дайын екендігін білдіреді, - деді ол.