Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдаудың жаңа тетіктері енгізіледі. Бұл туралы Мәжілісте өткен талқылауда Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, заң жобасы білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларын біріктіретін бірыңғай жүйе қалыптастыруды көздейді.
Ерте анықтау мен ерте қолдаудың бірыңғай стандарты енгізіледі, – деді вице-министр.
Жоба аясында арнайы білім беру ұйымдары, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары және алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының базасында ерте араласу қызметтері дамытылады.
Сонымен қатар үш саланың деректері біріктіріліп, интеграцияланған цифрлық модуль құрылады.
Бұл жүйе кешенді қолдау шараларын автоматтандыруға мүмкіндік береді, – деді Шынар Ақпарова.
Жаңа тетік ата-аналарға қажетті ақпаратты проактивті форматта ұсынуды да қарастырады.
Заң жобасы жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігін кеңейтеді. Олар енді ерте анықтау жүйесін дамыту, кадрлық қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жетілдіру бағытында нақты жауапкершілік алады.
Бұдан бөлек, 2028 жылдан бастап арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізіледі.
Бұл қызмет сапасын бақылауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті вице-министр.
Сондай-ақ педагог кадрларды күшейту мақсатында қайта даярлау тетіктері енгізіледі. Енді тәрбиешілер, бастауыш сынып мұғалімдері мен педагог-психологтар арнайы педагогика бағыты бойынша қосымша білім ала алады.
Заң жобасында уақытша қозғалыс шектеулері бар балаларды техникалық құралдармен қамтамасыз ету де қарастырылған.
Сонымен қатар ерекше балаларға арналған кәсіптік білім беру мамандықтарының арнайы тізімі әзірленеді. Бұл олардың еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік береді.
Жалпы, жаңа құжат ерекше балаларды ерте жастан анықтап, оларды кешенді қолдау жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін министрлік баланың жағдайы балабақшада ғана анықталатынына тоқталып, инклюзиядағы басты проблеманы атады.