Атыраудағы "Зейін Атырау" ерекше балаларды дамыту орталығы психикалық және сөйлеу қабілеті тежелген, аутизм, даун синдромына шалдыққан 100 баланы оңалтуда. Қытымыр қыс жақындағанда орталықтың жарты бөлігі жылусыз қалғалы отыр, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Орталық Нұрсая ықшам ауданындағы 2 үйдің жертөле қабатында орналасқан. Әлеуметтік кәсіпкер Арайлым Бақытжан екі жыл бұрын сенімгерлік басқаруға алған аумақ балаларға тар болғандықтан, жетекшісі демеушілер көмегімен жертөленің қалған бөлігін де жөндеуден өткізіп, кеңейтіпті. Ал әкімдіктегілер ол бөлікті жылумен қамтамасыз ете алмайтындарын айтқан.
Өзім де ерекше бала тәрбиелеп отырғандықтан, осы орталықты аштым. Ол кезде биліктен, жергілікті әкімдіктен бір тиын ақша алған емеспін. Бәрін өз күшімізбен істедік. Жылу жөнінде мәселе туындайды деп ойлаған жоқпын. Балалар сыймағасын, орталықты кеңейттік. Енді олар жылумен қамти алмаймыз деп отыр. Осы мәселені назарға алып, шешілуін сұраймын,- дейді орталық жетекшісі Арайлым Бақытжан.
Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи өзекті проблемадан хабардар. Жауаптылар мәселенің шешілу жолын қарастырып жатырмыз дегенмен, әлі еш нәтиже жоқ.
«Зейін Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығын жылумен қамту мәселесі «Атырау жылу жүйелерінің» құзырына кіретінін ескеру қажет. Акционерлік қоғам ақпаратына сүйенсек, қаланың оң жақ бөлігін жылытып отырған мекеме бұл жүктемені көтере алмайды. Соған байланысты, орталықты жылу жүйелеріне қосуға техникалық шарттарын бермей отыр, - деді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Өткен апта бойы шаhардың 382 жылдығын дүбірлетіп атап өтіп, түрлі спорттық-мәдени шаралардан, эстрада жұлдыздарынан, отшашудан қаржы аямаған билік өкілдері оңалту орталығының мәселесін тез арада қолға алмаса, 100 бала мекеменің бір бөлігінге қыс бойы қыстырылып білім алуға мәжбүр.
Айта кетейік, Атырау облысында 6 мыңнан астам ерекше бала бар. Олардың жағдайы нашарламай, жаңа дүние үйреніп, балабақша мен мектепке қадам басулары үшін ,мұндай орталықтардың болуы аса маңызды.