Елордада Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында Қазақстан-Қытай туристік бизнес диалогы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қытай туризм академиясының президенті (China TourismAcademy), профессор Дай Бин, Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов, сондай-ақ Қытай Халық Республикасы делегациясының туристік өкілдері қатысты.
Министр аталған іс-шараның маңызына тоқталып, ашық бизнес-диалог қатысушылар үшін тиімді алаңға айналатынына әрі Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп жарияланған болатын. Оның алдында екіжақты визасыз режимнің орнатылғаны мәлім. Нәтижесінде Қытайдан келетін қонақтардың саны 20 есе өсіп, 367 мыңға жетті. Ал биылғы 10 айда қытайлық туристердің саны жарты миллионнан асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға көп. Осылайша, Қытай Қазақстанға келетін туристер саны бойынша ТОП-5 елдің қатарына кіріп отыр. Сондай-ақ әуе қатынастары да ұлғайды. Қазақстан мен Қытай арасында 42 тұрақты тікелей және 7 чартерлік рейс орындалады, – деді Ербол Мырзабосынов.
Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында екі елде 30-ға жуық іс-шара өткізілді.
Оның ішінде Қазақстан қалаларының туризм және мәдениет күндері, ірі көрмелер мен форумдар, сондай-ақ мәдени және B2B іс-шаралар бар.
Қытайдағы Қазақстан туризмі жылын өткізу екі елдің дамуы мен мемлекетаралық деңгейде достық қарым-қатынастарды нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.
Іс-шара соңында тараптар Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының қорытындысын 2024 жылғы 27 қарашада Алматыда өтетін салтанатты жабылу рәсімінде жан-жақты талқылауға уағдаласты.