Тоғжанов мектептердегі орын тапшылығын азайту барысымен танысты

3 Қараша 2021, 17:45
911
Бөлісу:
Тоғжанов мектептердегі орын тапшылығын азайту барысымен танысты

Алматы, BAQ.KZ. Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мегаполистегі әлеуметтік-мәдени даму және эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мәселелері бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асырудың барысымен танысу мақсатында жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді.

Вице-премьер келген бойда Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровпен бірге Алатау ауданында салынып жатқан жаңа мектепке барды.

Айта кетерлігі, бұл – 1800 орынды (бұрын нысандардың максималды қуаты 1200 оқушы орнынан аспаған) алғашқы мектеп. Құрылыс Саялы шағын ауданында жүруде, мұнда ішкі көші-қонды және бірқатар тұрғын үй кешенін салу бұрыннан бар орта білім беру мекемелерінің жүктемесін арттыратыны ескерілді. Сондықтан жаңа мектептің құрылысы үш ауысымды білім беруге жол бермеуге бағытталған.

Бүгінде құрылыс жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде, нысанды пайдалануға беру биыл жыл соңына дейін жоспарланған. Тиімді білім беру үдерісін ұйымдастыру үшін жайлы кабинеттік қор, спорт және акт залдары және т.б. қарастырылған. Барлық оқу аудиториясы заманауи құрылғылармен жабдықталатын болады.

Алматыда барлығы 12 600 орынды 8 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның үшеуі 5 100 орынды (Саялы шағын ауданында 1800 орынды; Томирис шағын ауданында 1500 орынды; Қалқаман-2 шағын ауданында 1800 орынды) мектептер биыл желтоқсан айында тапсырылады. Қалған 5 мектепті 2022 жылы аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар қазіргі орта білім беру мекемелеріне қосымша 17 корпус пен 13 жекеменшік мектептің құрылысы аяқталуда. Осылайша, биыл жыл соңына дейін мегаполисте 16 мың оқушы орны іске қосылады, бұл қазіргі тапшылықты 47%-ға қысқартады.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов халық өсімінің жоғары көрсеткіштері жағдайында 1800 және одан да көп орынға арналған ауқымды мектептер салу практикасын жалғастыруды тапсырды.

Вице-премьердің жұмыс сапары барысында санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, креативті индустрияларды дамыту, «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы бойынша бірқатар жұмыс кеңесі жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы