Ералы Тоғжанов үйде емдеу үшін қажетті қор құруды тапсырды

4 Тамыз 2020, 20:24
1459
Бөлісу:
Ералы Тоғжанов үйде емдеу үшін қажетті қор құруды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында бірқатар маңызды мәселелер қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Денсаулық сақтау, сыртқы істер министрліктері COVID-19 вакцинасын сатып алуға алдын-ала келісімшарттар жасасу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Премьер-министрдің орынбасары мемлекеттік органдарға вакцинациялауға жататын топтарды анықтауды, шығындар бойынша қажетті есептеулер жүргізуді, сондай-ақ COVID-19-дан егілуге рұқсат алатын үміткер вакциналар кешеніне қол жеткізуге мүмкіндік беретін "COVAX Facility" бағдарламасына Қазақстанның қатысу мүмкіндігіне талдау жасауды тапсырды.

Коронавирустық инфекцияға қарсы отандық вакцинаны әзірлеуді жеделдету, сондай-ақ ағымдағы жылдың соңына дейін Жамбыл облысындағы ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жанынан вакциналар өндіретін биофармацевтикалық зауытты іске қосу қажеттілігі ерекше аталып өтті.

Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов өңірлердің әкімдіктеріне және министрліктерге COVID-19-ға қарсы күреске тартылған медицина қызметкерлеріне тиісті үстемеақылар мен өтемақыларды уақытылы төлеуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Отырыста "СҚ-Фармация" ЖШС басшылығының есебі тыңдалды, онда стационарлардағы дәрілік заттардың бір айлық қоры туралы баяндалды. Премьер-министрдің орынбасары COVID-19 емдеу үшін екі айлық дәрі-дәрмек қорын қамтамасыз етуді, сондай-ақ азаматтарды үйде емдеу үшін қажетті қор құруды тапсырды.

Кеңес қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Өзгелердің жаңалығы