Еуропалық одақ пен Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің саммиті кейінге шегерілді. 24 қазанда Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтуі тиіс болған кездесу қауіпсіздік жағдайының күрделенуіне байланысты өтпейтін болды.
Бұл туралы BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесі саммиттің кейінге қалдырылуын Йемендегі хуситтер қозғалысы тарапынан төнген қауіптің сақталуымен және король Халид атындағы халықаралық әуежайдың ұзақ уақыт бойы жұмыс істемей тұруымен түсіндірді.
Ал Еуропалық одақ кездесудің не себепті кейінге қалдырылғанын нақтыламады. Ұйымның мәлімдеуінше, саммиттің жаңа күні кейінірек жарияланады.
Кездесу Еуропа мен Парсы шығанағы елдері арасындағы байланысты нығайтуға арналған маңызды алаң болуы тиіс еді. Сонымен қатар саммит Еуропа елдерінің Сауд Арабиясы мен оның көршілеріне аймақтағы жалғасып жатқан қақтығыс жағдайында қолдау білдіретінін көрсетуі керек болатын.
Еске салайық, Сауд Арабиясындағы қауіпсіздік жағдайы Эр-Рияд халықаралық әуежайына жасалған бірнеше шабуылдан кейін күрт шиеленіскен.
11 қазанда әуежайға жасалған соққылардың бірінен кейін 12 адамның қаза тауып, 300-ден астам адамның жараланғаны хабарланған. Келесі күні әуежайға тағы бір шабуыл жасалып, салдарынан бір адам көз жұмған.
15 қазандағы жағдай бойынша саммитке қатысушыларды қабылдауы тиіс болған әуежай әлі де жабық тұрған. Бұл Сауд Арабиясының халықаралық іс-шараларды өткізу жоспарына кедергі келтірген.
Саммит кейінге қалдырылғанымен, Еуропалық одақ Парсы шығанағы елдерімен қарым-қатынасты стратегиялық тұрғыдан маңызды деп санайтынын және өңірмен әріптестікті одан әрі тереңдетуге ниетті екенін мәлімдеді.