Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда ер адам тапа-тал түсте көшенің қақ ортасында қоларба сүйреген әйелге бас салды, деп хабарлады Zakon.kz.
Бұл оқыс оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде таралып кетті.
"Видео авторының айтуынша, кеше түсте сағат15.20 шамасында Саяхат маңында қоларба сүйреген әйелге бір ер адам бас салған", - делінген kris.p.almaty аккаунтына салынған видео сипаттамасында.
Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі "102" пультіне 11 қыркүйек күні 15.40-та осы оқиғаға қатысты қоңырау келіп түскенін растады. Жәбірленушінің сөзінше, ер адам оның мойнындағы алтын алқаны жұлып алмақшы болған.
"Кезекші жедел-әрекет ету тобы оқиға болған маңды тексеріп шықты. Арбасында баласы бар 28 жастағы әйелге мығым денелі азиат ер адамның шабуылдағаны анықталды. Күдіктінің белгілері бойынша барлық патрульдік полиция бригадаларына нұсқау берілді. Қазіргі уақытта Жетісу аудандық полиция бөлімінде арнайы қылмыстық-тергеу тобы құрылды, оның құрамына қаланың криминалды полициясының өкілдері де кіреді. Тергеу ісіне бейнебақылау камераларынан алынған дәйектер тіркелді. Қаскөйдің кім екені анықталып жатыр. Жақын арада ол қамауға алынады. Бұл іске қатысты ҚР ҚК 191-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, қылмыстық іс қозғалды", - деді ведомстводағылар.