Үндістанның Хайдарабад қаласының тұрғыны бір жылда 30 келі салмақтан арылды. Ол қанттан бас тарту, жеткізілетін тамақты пайдаланбау, мейрамханаларға сирек бару, мәзірден дұрыс таңдау жасау және ерте кешкі ас ішу сияқты арықтаудың 5 тиімді құпиясымен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Times of India басылымына сілтеме жасап.
Судхир Кумардың айтуынша, ол 2020 жылы 100 келі болған және денсаулығына байланысты мәселелерге тап болған. Сол кезде жасы 49-да еді, сондықтан артық салмақтан арылуға шешім қабылдаған. Алғашқы жасаған қадамы – қантты аз тұтыну болды. Оның сөзінше, қант тек десерттердің құрамында ғана емес, басқа да тағамдарда кездеседі, сондықтан абай болу қажет.
Кумар арықтағысы келетіндерге дайын тамақты жеткізу қызметінен бас тартуға кеңес берді. Оның айтуынша, тапсырыс беру тамақ дайындағаннан гөрі тез әрі ыңғайлы болғанымен, мұндай тағамдар әдетте калориясы жоғары әрі майға бай келеді. Сол себепті ол мейрамханада да жиі тамақтанбауға шақырды. Ер адам "мейрамханадағы тағам дәмді болғанымен, пайдалысы сирек кездеседі" деп түсіндірді.
Егер сыртта тамақтанғысы келсе, адамдарға мәзірден таңдау мүмкіндігі бар мейрамханаларды таңдаған жөн, бірақ "швед үстелі" (buffet) түріндегі жерлерден аулақ болу керек. Оның айтуынша, мұндай жерлерде артық тағам жеу қаупі өте жоғары.
Мәзірден тапсырыс беру – арықтағысы келетіндерге шынымен қажет тағамды дұрыс таңдап, артық жеп қоймауға көмектеседі, – деді Кумар.
Судхир Кумар бөліскен соңғы құпия – ерте кешкі ас ішу.
Бұл таңғы асқа дейін табиғи түрде ашығу уақытын жасайды, – деді ер адам.
Оның пікірінше, бұл әдіс ас қорытуға жақсы әсер етіп, салмақ тастауға ықпал етеді.