Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Эпштейн ісі: Зорлық дәлелденді, ал клиенттер кім?

Олжас АДАЙ
Бүгiн, 09:29
376
Бөлісу:
 Жасанды интеллект
Фото: Жасанды интеллект

АҚШ билігі жылдар бойы жүргізген тергеу нәтижесінде Джеффри Эпштейн кәмелетке толмаған қыздарға жыныстық зорлық көрсеткенін растады. Бұл дерекке ондаған жәбірленушінің айғақтары, тергеу материалдары мен федералды прокурорлардың қорытындысы негіз болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.

АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы Джеффри Эпштейн ісін жылдар бойы зерттеген. Тергеу аясында оның банк операциялары мен электрондық хаттары тексеріліп, Нью-Йорк, Флорида және АҚШ-тың Виргин аралдарындағы үйлеріне тінту жүргізілген. Сонымен қатар ондаған жәбірленушіден жауап алынған.

Тергеу Эпштейннің кәмелетке толмағандарды ақша уәде етіп арбағанын, оларды жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлегенін және кейбір қыздарды басқаларын тартуға итермелегенін растады. Дегенмен бұл қылмыстарға үшінші тұлғалардың, әсіресе ықпалды адамдардың қатысы барын дәлелдейтін нақты айғақ табылмаған.

Associated Press шолған құжаттарға сәйкес, тінту кезінде тәркіленген фото және бейнематериалдарда жәбірленушілерге жасалған зорлық көріністері немесе басқа адамдардың қылмысқа қатысын дәлелдейтін кадрлар болмаған. Қаржылық жазбалар да Эпштейннің әйелдерді басқа адамдарға "ұсынғанын" немесе делдалдық жасағанын растамаған.

Іс 2005 жылы Флорида штатының Палм-Бич қаласында басталған. 14 жастағы қыздың ата-анасы оның Эпштейннің үйінде тиіспелі әрекетке ұшырағанын хабарлаған. Кейін полиция кемінде 35 жасөспірім қыздың ұқсас айғақ бергенін анықтаған. Олардың айтуынша, Эпштейн жыныстық «массаж» үшін 200–300 доллар төлеп отырған.

Эпштейн 2019 жылы шілдеде федералды айыппен қамауға алынып, бір айдан кейін түрме камерасында қайтыс болды. Ресми қорытынды — суицид. Кейін оның серігі Гислейн Максвелл кәмелетке толмағандарды тартқаны үшін кінәлі деп танылып, 20 жылға сотталды.

Ал көпшілік арасында жиі айтылатын "Эпштейннің клиенттер тізімі" туралы мәліметтерді ФБР ресми түрде жоққа шығарды. Тергеу материалдарында мұндай тізімнің барын дәлелдейтін дерек табылмаған.

2024 жылы Axios жариялаған материалда Нью-Йорктегі азаматтық іс аясында бұрын құпия болған сот құжаттары ашылғаны айтылады. Құжаттарда Джеффри Эпштейн мен Гислейн Максвелл істеріне қандай да бір деңгейде қатысы бар адамдардың есімдері көрсетілген.

Алайда Axios атап өткендей, бұл — тергеу не айыптау тізімі емес. Аталған есімдер азаматтық талап-арыз материалдарында байланыс, таныстық немесе контекст ретінде ғана кездеседі және қылмыс жасағанын білдірмейді. Мақалада да «аты аталу — айыптау емес» деген ескерту нақты көрсетілген.

Өзгелердің жаңалығы