Эпидемиологтар бірқатар елге саяхатқа шықпауға шақырды

5 Ақпан 2020, 19:04
1798
Бөлісу:
Эпидемиологтар бірқатар елге саяхатқа шықпауға шақырды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір әлемнің 27 елінде коронавирус тіркелген. Сондықтан Гонконг, Тайланд, Жапония, Сингапур, Австралия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Италия және өзге де елдерге әзірше шықпауға шақырамыз.

 Бұл туралы Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, қауіпті індет анықталған елдерге уақытша туристік саяхатқа шықпай тұра тұрған жөн. Өйткені жылы жерде вирустар қозып, тез тарайтын көрінеді.

Сонымен қатар, ол Қытайдағы қауіпті вирустың тез тарауына байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустан қорғану жөнінде кеңестер тізімін жасап шыққанын жеткізді. 

Рекомендатциялар екі топқа бөлінеді. Біріншісі, жеке бастың гигиенасы мен санитарияны сақтауға арналған. Екіншісі, мемлекет басшылары мен медициналық қызметкерлердің қатысуымен қауіпті сейілту жұмыстарын ұйымдастыруға бағытталған. Аталған ұйым адамдарға қолын жиі жуып, микроптарға қарсы күресу үшін жиі қолданатын заттарды спирттік сұйықтықпен үнемі  тазартып отыруға шақырады. Сонымен қатар, жөтеліп, ыстығы көтеріліп жүрген адамдарға жақындамауға кеңес береді,-дейді бас эпидемиолог.

Сөз арасында ол әуежай қызметкерлерін тексеріп, бақылау жұмыстары күшейтілетінін айтты.

Қалаға күніне халықаралық 50 рейс келеді. Бұған дейін жолаушыларды тексерумен 80 эпидемиолог жұмыс істеп жатқанын айтқанбыз, қазір олардың саны тағы 40 маманға толықты. Сонымен қатар, халықаралық рейстерге шығатын ұшақтың борсеріктерін  қалай қорғану керектігін үйретіп жатырмыз. Өйткені олар адамдармен тікелей байланысады. Вирусқа қарсы дәрі-дәрмекпен және қорғану жолдарын олар да білу керек,-деді ол.
Өзгелердің жаңалығы