ЕО Ресейге қарсы санкцияларды тағы бір жылға ұзартты

Қазіргі шектеу шаралары 80 жеке тұлға мен 20 ұйымға қатысты.

 depositphotos.com 9 Қазан 2026, 05:18
9 Қазан 2026, 05:18
405
Фото: depositphotos.com

Еуропалық Одақ Ресейдің тұрақсыздандыру әрекеттері үшін жауапты тұлғалар мен ұйымдарға қарсы санкцияларды тағы бір жылға ұзартты. Шектеу шаралары 2027 жылғы 9 қазанға дейін күшінде болады.

ЕО Кеңесінің хабарлауынша, шешім Ресейдің жалғасып жатқан және күшейіп келе жатқан гибридтік әрекеттеріне, соның ішінде ақпаратты манипуляциялау мен ЕО-ға мүше мемлекеттер және оның серіктестерінің ішкі істеріне араласуына байланысты қабылданған.

Санкциялар алғаш рет 2024 жылғы 8 қазанда енгізілген. Қазіргі шектеу шаралары 80 жеке тұлға мен 20 ұйымға қатысты.

Олардың активтері бұғатталған. ЕО азаматтары мен компанияларына санкцияға іліккен тұлғалар мен ұйымдарға қаржы, қаржылық активтер немесе экономикалық ресурстар беруге тыйым салынған. Сондай-ақ жеке тұлғаларға ЕО аумағына кіруге немесе оның аумағы арқылы транзит жасауға шектеу қойылған.

Бұған дейін ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас Еуропада ресейлік гибридтік шабуылдар, диверсиялық әрекеттер мен әуе кеңістігін бұзу фактілері көбейгенін айтқан болатын.

Наверх