ЕО өкілі: Қазақстан азаматтарына виза рәсімдеу жеңілдетіледі

9 Маусым 2021, 01:52
1322
Бөлісу:
ЕО өкілі: Қазақстан азаматтарына виза рәсімдеу жеңілдетіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуроодақтың Орталық Азиядағы арнайы өкілі Петер Буриан Қазақстан азаматтарына виза рәсімдеу жеңілдетілетінін айтты, деп хабарлайды 24.kz.

Біз қазақстандықтардың Еуропалық одаққа визасыз келгенін қолдаймыз. Бұл халықтар арасындағы қарым-қатынасты кеңейтумен қатар сауда ынтымақтастығына да серпін береді, – деді Петер Буриан.
Ол кәрі құрлық елдері бірлестігінің былтыр қабылдаған жаңа визалық кодексінің Қазақстанға да қатысы барын атап өтті. Бұл құжат виза рәсімдеу процесін жеңілдетуді қарастырады. Арнайы өкілдің айтуынша, бүгінгі басты кедергі індет болып тұр, бірақ халықты вакциналау қарқыны мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен екпелерді тіркеу жағдайға оң әсер етуі керек.
Біз мүмкіндігінше туристердің Еуроодаққа келу процесін жеңілдетуді қалаймыз. Осыған байланысты жұмыс неғұрлым жақсы жүрсе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әртүрлі вакциналарды мақұлдауға дайын болса, онда біз де барыс-келіске вакциналау анықтамасының негізінде көбірек еркіндік берер едік. Әр ел жеке шешім қабылдауға дайын болуы керек, –Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы арнайы өкілі Петер Буриан.
Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық мәселеріне тоқталған Петер Буриан былтыр наурызда күшіне енген Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім аясында бірлесе іске асырылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалады. Бүгінгі таңда жасыл экономикаға көшу және шикізатқа тәуелділіктен арылып, экономиканы біртіндеп әртараптандыру ерекше назарда екенін айтты. Заң мен құқықтың үстемдігін нығайту және азаматтық қоғамды күшейту де аса маңызды. Осыған байланысты Арнайы өкіл демократияландыру бойынша Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар мен «Еститін мемлекет» тұжырымдамасына айрықша тоқталды.
Біз қандай да бір құндылықтарымызды тықпалағымыз келмейді. Еурокеңес басшысы Шарль Мишель айтқандай, біз ынтымақтастықты ортақ құндылықтарға негіздеп құрғымыз келеді. Біздің құқықтық жүйеміз жетілген сайын инвесторларымыз да өздерін сенімді сезіне бастайды. Сіздердің Премьер-министр басқарған жаңа алаңда бірге шешкіміз келетін маңызды мәселелер анықталған, – деп мәлімдеді Петер Буриан.

Өзгелердің жаңалығы