ЕО өкілдері «вакциналау сертификатын» тезірек енгізу идеясын құптады

25 Мамыр 2021, 23:33
2187
Бөлісу:
ЕО өкілдері «вакциналау сертификатын» тезірек енгізу идеясын құптады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуроодақ елдерінің жетекшілері Брюссельде өткен саммитте «вакциналау сертификатын» тезірек іске қосу идеясын құптады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылай тиісті төлқұжаттар маусымның ортасынан бастап біртіндеп енгізіледі. Сосын одаққа мүше елдер арасында емін-еркін қатынау қалпына келе бастайды. Бұған дейін Еуропалық кеңес одақ аумағына екпе салдырған туристердің өтуіне рұқсат берген. Саммит қатысушылары бұл шешімді де құптап отыр. Басқосудың қорытынды мәлімдемесінде вакциналаудың алғашқы айлары сәтсіз болғаны, бірақ қазір науқан қарқын алып келе жатқаны айтылды. Соның нәтижесінде Еуропа елдерінде эпидемиологиялық ахуал жақсарып келеді.  

Біз болашаққа үлкен үмітпен қараймыз. Қазір бүкіл Еуропа аумағында халықты вакциналау науқаны бойынша айтарлықтай ілгерілеу барына сенімдіміз. Бірақ соған қарамастан коронавирустың жаңа түрлерінің пайда болуын қатаң бақылауда ұстауымыз қажет. Біз Еуропарламенттің жасыл төлқұжаттарды енгізуге қатысты шешімін талқыладық. Еуроодақ аумағында ішкі туризмді жандандыру жөнідегі ұсыныстарды қарастыру бойынша ілгерілеудің барын қуана хабарлаймыз, – деді Еурокеңес президенті Шарль Мишель.  

Осылайша кеңес президенті басты мақсат – маусымның ортасына дейін одақ аумағында емін-еркін қатынауды қалыпқа келтіру туралы шешім қабылдау екендігін айтты.

Ал Еурокомиссия президенті Урсула Фон Дер Ляйен Еуропаның дәрі-дәрмектер жөніндегі агенттігі 12 мен 15 жас аралығындағы балаларға да екпе егуге рұқсат беретіндігінен үмітті екендігін жеткізген.

Мамырдан бастап Еуроодақ аумағында инфекцияның таралуы мен ауруханаға түскендер саны азая бастады. Осы аптаның соңына қарай одаққа мүше елдерге вакцинаның 300 миллион дозасы таратылады. Ал маусымда тағы 400 миллионы жеткізілуі тиіс. Шілденің соңына дейін Еуроодақ тұрғындарының 70 пайызын вакциналап шығуға мүмкіндік туады. Біз Еуропаның дәрі-дәрмектер жөніндегі агенттігі 12 мен 15 жас аралығындағы балаларға Pfizer BioNTech компанияларының препаратын салуға рұқсат береді деп үміттенеміз, – деді Еурокомиссия президенті Урсула Фон Дер Ляйен.


Өзгелердің жаңалығы