Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар «МАЭК - Қазатомөнеркәсіпке» 6 млрд теңгеден астам қарыз

26 Тамыз 2021, 11:20
1807
Бөлісу:
Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар «МАЭК - Қазатомөнеркәсіпке» 6 млрд теңгеден астам қарыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС алдындағы жалпы берешегі 6.1 млрд теңгені құрайды, оның екеуімен (қарызы жалпы соманың 90% - ын құрайды) комбинат берешекті өндіріп алу бойынша жұмысты бастады, деп хабарлайды кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу, сондай-ақ осы нарықта қызмет көрсету қағидаларына сәйкес бөлшек сауда нарығында электр энергиясын сатып алу және сату энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арқылы жүзеге асырылады. Ақтау қаласы Мұнайлы ауданы және Жаңаөзен қаласының тұтынушыларын электр энергиясымен жабдықтау функциясын «AllianceEnergoSnab-Ақтау» ЖШС және «Электр жүйелері» ЖШС атқарады.

«AllianceEnergoSnab-Ақтау» ЖШС мен «Электр жүйелері» ЖШС өз қызметтерін бастағаннан бері алынған энергия ресурстары үшін «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС алдындағы берешегі өсе бастады. Қарыз бүгінгі күнге дейін еселеп өсуде.

1968 жылдан бастап МАЭК облыс орталығы - Ақтау қаласының тұрғындары, Маңғыстау облысының өндірістік және әлеуметтік маңызы бар объектілері үшін электр энергиясын, ауызсуды, техникалық, ыстық су мен жылуды үздіксіз өндіру циклі бар өңірдегі жалғыз кәсіпорын болып табылады.

Бұл ретте тұтынушылар көтерме (1 МВт-тан жоғары тұтынушылар) және бөлшек (1 МВт-қа дейін тұтынушылар) болып екі санатқа бөлінеді

Кәсіпорын өнім өндіру үшін негізгі ресурс ретінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-нан сатып алынатын газды пайдаланады.

Үш жыл ішінде «AllianceEnergoSnab-Ақтау» ЖШС мен «Электр жүйелері» ЖШС-нің МАЭК алдындағы мерзімі өткен жалпы дебиторлық берешегі 5,6 млрд теңгеден астам соманы құрады.

«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС өз тарапынан пайда болған берешекті талап ету бойынша барлық ықтимал заңды шараны жасады, бірақ бұл шаралар нәтиже бермеді. Комбинат энергия ресурстарын борышкер компанияларға беруге шектеу қоя алмайды, өйткені алдыменен тұрғындардың мұқтаждығы ескеріледі, сонымен бірге электр энергиясының тапшылығы ауруханалардың, амбулаториялардың, стационарлардың және басқа да әлеуметтік маңызы бар объектілердің үздіксіз жұмыс істеуіне де теріс әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, «AllianceEnergoSnab-Ақтау» ЖШС мен «Электр жүйелері» ЖШС қатысты сот-атқару шаралары да тиісті нәтиже бермеді, - делінген хабарламада.
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС ай сайын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ алдындағы ағымдағы берешегін төлейді, ол 3 млрд.теңгеден астам соманы құрайды. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС өз өнімін өндіру үшін газ жеткізудің үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында Екінші деңгейдегі банктерден несие алуға және өз қаражаты есебінен банктің пайыздық мөлшерлемелерін төлеу бойынша ауыртпалықты көтеруге мәжбүр. Қазіргі уақытта банктердегі несие лимиті таусылды, компания ай сайынғы дебиторлық берешектің өсуіне байланысты үлкен шығындарға ұшырауда. Бұл жағдай өндіріске, жабдықтарды жаңартуға, кәсіпорынның тұрақты жұмысына және «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС үш мың ұжым мүшелері алдындағы еңбек міндеттемелерін сақтауға теріс әсер етеді.

МАЭК басшылығы өз өнімдерін сатудан алынған барлық ақшалай қаражатты тұтынылған отын газы үшін берешекті, кредиторлар алдындағы төлемдердің мерзімін өткізіп алғаны үшін өсімпұлдарды және банктер алдындағы пайыздарды өтеуге жіберуге мәжбүр.

Жоғарыда баяндалғандардың негізінде және үздіксіз өсіп келе жатқан дебиторлық берешектің салдарынан жағымсыз салдарларға жол бермеу мақсатында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС 01.09.2021 жылдан бастап «AllianceEnergoSnab-Ақтау» ЖШС және «Электр жүйелері» ЖШС-мен барлық өзара шарттық қарым-қатынастарды бұзуға мәжбүр, - делінген ақпаратта.

Олармен шартты бұзу халыққа электр энергиясын жеткізуде іркілістерге әкелмейді. Басқа энергиямен жабдықтаушы компаниялармен шарттар жасалатын болады, бұл ретте «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС оларға борышкер компаниялардың жұмыстан босатылған қызметкерлерін жұмысқа орналастыруды ұсынатын болады.

Ақтау және Жаңаөзен қалаларының, сондай-ақ Мұнайлы ауданының тұрғындарын кәсіпорынның амалсыз қолданған шараларына түсіністікпен қарауды өтінеміз. Бұл шаралар қабылданбаған жағдайда, комбинаттың жинақталған берешегі, сайып келгенде, халықтың қажеттіліктері үшін электр энергиясын, ауыз суды, техникалық, ыстық су мен жылуды өндіретін жалғыз кәсіпорынның тоқтап қалуына әкелуі мүмкін.  Бұл жағдайда Маңғыстау облысы тұрғындарының тыныс тіршілігі  мен денсаулығына үлкен қауіп төнетіндігі сөзсіз, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы