- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Энергетиктерге тыйым: Денсаулық сақтау министрлігі бақылау тетіктерін атады
Энергетиктерге тыйым: Денсаулық сақтау министрлігі бақылау тетіктерін атады
Министрлік интернет арқылы сатуды реттеу, айыппұлды күшейту және профилактикалық шараларды жалғастыру мәселелерін пысықтап жатыр.
28 Қараша 2026, 09:52
Қазақстанда энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынған. Алайда шектеудің қағаз жүзінде қалып қоймай, іс жүзінде орындалуы үшін тағы қандай шаралар қажет? Интернет-дүкендер арқылы сатуды реттеу, өнім құрамындағы кофеин мөлшеріне қойылатын талаптарды жетілдіру және бақылауды күшейту мәселелері қалай шешілмек? Бұл сауалдарға BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді.
Энергетик сатуға қойылған шектеу кеңейе ме?
Қазақстанда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға тыйым салынды. Сонымен қатар мұндай өнімдерді сауда автоматтары арқылы өткізуге де шектеу қойылған.
Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі қолданыстағы талаптарды жетілдіру бағытында қосымша шараларды қарастырып жатыр. Атап айтқанда, энергетикалық сусындарды қашықтан сату тәртібін, соның ішінде интернет-дүкендер арқылы саудалауды реттеу және оларды өткізуге ынталандыратын жекелеген тәсілдерді шектеу ұсынылып отыр.
Қазіргі уақытта министрлік энергетикалық сусындарды қашықтан сатуды, оның ішінде интернет-дүкендер арқылы өткізуді реттеуді жетілдіруді, сондай-ақ оларды сатуды ынталандырудың жекелеген тәсілдерін шектеуді көздейтін қосымша шараларды пысықтап жатыр, – деп жазылған редакция сауалына берілген жауапта.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл ұсыныстар ең алдымен қолданыстағы шектеулердің тиімділігін арттыруға бағытталған. Ал оларды жүзеге асыру және орындалуын бақылау тетіктері заңнамада белгіленген тәртіппен айқындалады.
Тыйымды бұзғандарға қандай жаза бар?
Энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салу – балалар мен жастардың мұндай өнімдерге қолжетімділігін азайтуға бағытталған алдын алу шараларының бірі.
Осы талаптардың сақталуын қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тиісті өзгерістер енгізілген. 2026 жылдан бастап энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатқан тұлғаларға ӘҚБтК-нің 423-1-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Айыппұл мөлшері құқық бұзушының санатына қарай 30-дан 200 АЕК-ке дейін жетеді. Ал бір жыл ішінде қайталап құқық бұзған жағдайда айыппұл 60-тан 400 АЕК-ке дейін белгіленген.
Жас ерекшелігіне байланысты шектеулер енгізу – балалар мен жастардың энергетикалық сусындарға қолжетімділігін төмендетуге бағытталған маңызды профилактикалық шара, – деп хабарлады министрліктен.
Ведомство қабылданған шаралардың нәтижесін бір күндік көрсеткішпен бағалау жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның тиімділігін уақыт өте келе, жас шектеуінің қаншалықты сақталғанына және жастар арасында энергетикалық сусындарды тұтыну деңгейінің қалай өзгергеніне қарап бағалау қажет.
Энергетиктер жасөспірімдердің денсаулығына қалай әсер етеді?
Энергетикалық сусындарды тұтынуды реттеу қажеттілігі халықаралық ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен де байланысты. Денсаулық сақтау министрлігі келтірген мәліметке сәйкес, JAMA, Journal of the American Heart Association және Nutrition Reviews басылымдарында жарияланған зерттеулер энергетикалық сусындарды ішкеннен кейін қан қысымының жоғарылауы, жүрек соғысының жиілеуі және жүректің электрлік белсенділігінің өзгеруі мүмкін екенін көрсетеді.
Бұдан бөлек, 32 зерттеудің нәтижесін біріктірген, шамамен 100 мың адам қатысқан жүйелі шолу энергетикалық сусындарды тұтыну мен ұйқының бұзылуы, мазасыздықтың күшеюі, тахикардия және ағзадағы басқа да жағымсыз реакциялар арасында байланыс барын анықтаған.
Министрлік әсіресе балалар мен жасөспірімдерге қатысты алаңдаушылық бар екенін айтады. Себебі олардың ағзасы ынталандырушы заттардың әсеріне анағұрлым сезімтал.
Энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтынғанда, оларды алкогольмен бірге ішкенде, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары аурулары болған жағдайда денсаулыққа төнетін қауіп арта түседі, – деп жазылған ведомство жауабында.
Осы себепті министрлік өсіп келе жатқан ұрпақ арасында энергетикалық сусындарды тұтынудың алдын алуға ерекше назар аударып отыр.
Кофеин мөлшеріне талап күшейе ме?
Энергетикалық сусындардың құрамы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар қазір Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерімен реттеледі. Атап айтқанда, сергітетін сусындардағы кофеин мөлшері бір литріне 400 миллиграмнан аспауы керек.
Сонымен бірге Денсаулық сақтау министрлігі энергетикалық сусындарды анықтау өлшемдерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды пысықтап жатыр. Бұл ретте өнім құрамындағы кофеин, таурин және басқа да ынталандырушы компоненттердің мөлшері, сондай-ақ тауардың таңбалануына қойылатын талаптар қарастырылмақ.
Министрліктің айтуынша, негізгі міндет – өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұтынушыға оның құрамы мен денсаулыққа ықтимал әсері туралы толық әрі шынайы ақпарат беру.
Ұсыныстар ғылыми деректер, халықаралық тәжірибе және ЕАЭО-ның қолданыстағы талаптары ескеріле отырып қаралады, – деді министрліктен.
Жасөспірімдер арасында энергетик тұтыну деңгейі қандай?
Энергетикалық сусындардың жасөспірімдер арасында қаншалықты таралғанын халықаралық зерттеу нәтижелерінен де байқауға болады.
Министрлік келтірген HBSC халықаралық зерттеуіне сүйенсек, 2022 жылы Қазақстандағы 11, 13 және 15 жастағы 8,5 мыңнан астам оқушы арасында жүргізілген. Сауалнамаға қатысқан жасөспірімдердің 42,6 пайызы энергетикалық сусындарды тұтынатынын айтқан. Оның ішінде 20,5 пайызы мұндай сусындарды апта сайын, ал 3 пайызы күн сайын ішетінін көрсеткен.
Бұл көрсеткіштер жасөспірімдер арасында түсіндіру және алдын алу жұмыстарын күшейту қажеттігін аңғартады.
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдар, жастар денсаулық орталықтары және білім беру мекемелері арқылы жасөспірімдер мен ата-аналарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Кездесулер мен түсіндіру шараларында энергетикалық сусындардың жүрек-қан тамырлары және жүйке жүйесіне, ұйқы сапасына, жалпы хал-жағдайға әсері туралы айтылады.
Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары өз құзыреті шегінде өнімдердің белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексереді.
Энергетикалық сусындарды тұтынуды реттеуге бағытталған тағы бір шара – акциз енгізу. 2026 жылдан бастап бұл өнімдерге акциз салына бастады. Оның мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру көзделген.
Тыйымның орындалуын кім бақылайды?
Энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салудың орындалуын бақылау және талапты бұзғандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту ішкі істер органдарының құзыретіне жатады.
Министрлік түсіндіргендей, жас шектеуін бұзғандарға қатысты жауапкершілік қарастыратын заңнамалық негіз қалыптасқан. Ал 2026 жылы қанша құқық бұзушылық анықталғаны және қандай әкімшілік шаралар қолданылғаны туралы ресми статистиканы ішкі істер органдары ұсынады.
2026 жылы анықталған құқық бұзушылықтар мен қабылданған әкімшілік шаралардың саны туралы ресми статистикалық мәліметтер ішкі істер органдарының құзыретіне жатады, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Ведомство өз тарапынан нормативтік реттеуді жетілдіру, өнім қауіпсіздігіне санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүргізу және профилактикалық шараларды ұйымдастыру жұмыстарын жалғастырады.
Министрліктің мәлімдеуінше, басты басымдық – халық денсаулығын сақтау, аурулардың алдын алу және балалар мен жастарды денсаулығына кері әсер етуі мүмкін факторлардан қорғау.
Ең оқылған:
- Тоқаев: Интернет – «қоқыс жәшігі» емес, жасампаз шығармашылық пен өнімді еңбектің кеңістігі болуы керек
- Президент AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясында сөз сөйледі
- Жастарға қауіпсіз, өркениетті әлемді, оларға болашақта қажет болатын білімді аманат етіп қалдырғымыз келеді – Президент
- 2027 жылы қазақстандықтарды қандай 5 өзгеріс күтіп тұр?
- Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин жасанды интеллектіні меңгерген талантты жастармен кездесті
Мақпал ОРЫНБЕК