Энергетикалық қауіпсіздік, апатты ЖЭО: Қазақстан қысқы маусымға дайын ба

16 Қыркүйек 2023, 12:00
1984
Бөлісу:
Энергетикалық қауіпсіздік, апатты ЖЭО: Қазақстан қысқы маусымға дайын ба
Фото: BAQ.KZ

Былтырғы жылыту маусымында елімізде ЖЭО-ларда апат болып, бірнеше өңірдің халқы қыстың қақаған аязында жылусыз қалып, әуре-сарсаңға түскен еді. Енді алдағы қысқа Қазақстан дайын ба? Жалпы еліміздің энергетика саласында қандай мәселелер бар? BAQ.KZ тілшісінің мақаласынан оқи аласыздар.

«Көмірдің үлесі 0% болуы керек»

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылап, өзекті сұрақтардың шешімін іздеді. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стратегия жасақтауымыз қажет екенін алға тартты.

Мемлекет басшысы 1 қыркүйекке халыққа Жолдауында энергетика саласына байланысты алдымызға үлкен міндеттер қойды. Біріншіден, экономиканың қарқынын, көлемін екі есе көбейту керегі туралы міндет қойды. Олардың бәрін іске асыру үшін энергия қуаттары керек екені түсінікті. Қазақстан «жасыл энергетика» тұжырымдамасын қабылдаған. Ол бойынша 2030 жылға дейен альтернативалық энергетиканың үлесін 15%-ға жеткізуіміз керек. Биыл ақпанда көміртекті бейтараптық стратегияны бекіттік. Бұл стратегия бойынша 2060 жылға дейін бізде көмірдің үлесі 0% болуы керек, - деді депутат.

Энергетикалық қауіпсіздік, апатты ЖЭО: Қазақстан қысқы маусымға дайын ба

Ал газ бен мұнай өнімдерінің пайызы 14-15%.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, бізде бүкіл энерго жабдықтардың тозығы жеткен. Кейбір ЖЭО 80-90%-ға дейін тозып кеткен. Электр энергиясын өнідіріп отырған жабдықтар да сондай. Яғни біз алдағы уақытта өзіміздің жұмыс істеп тұрған қуаттарды жаңалап, модернизациядан өткізуіміз керек. Бұдан басқа, альтернативалық энергетиканы дамытуымыз керек. Бастысы – осының бәрін теңдестіруіміз қажет. Елімізде батыс өңірі Қазақстанның энерго жүйесіне қосылмаған, оқшауланған. Батыс Қазақстанның өзінде кейбір облыстардың арасында тоқтың ағыны шектелген, Мысалы, Атырау мен Маңғыстаудың арасында ең көбі 100 МВт-ға дейін беруге болады. Бірақ оның өзі қазір шектелген, тек 50 МВт ғана беріліп тұр, - дейді депутат.

Жаңбыршин осындай мәселенің бәрі еліміздің энергетикалық жүйесін жүйелі түрде дамытуды қажет ететінін атап өтті. Депутаттың сөзінше, елімізде Қазақстанның энергетика бойынша карта болуы керек. Бұл картада қай жерде қандай күш-қуатты орналастыратыны, оларды қалай байланыстыратыны, жаңартылған энергия көздері сияқты мәселелер көрсетіледі.

Ол тариф мәселесінің де өзекті екенін атап өтті.

Энергетикалық қауіпсіздік, апатты ЖЭО: Қазақстан қысқы маусымға дайын ба

«Энергетика саласында жағдай қиын»

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов энергетика саласында жағдай қиын екенін айтады.

Оның сөзінше, электр энергетикалық кешеннің қауіпсіз және тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету – ел экономикасын дамытудың негізі. Бүгінгі таңда Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесінде электр энергия мен қуат тапшылығы байқалады. 2022 жылы сағатына 113 млрд кВт өндіріліп, тұтынылды. 

Бүгінгі күні қолда бар қуаттың барлығы 19,2 ГВт. Оның ішінде көмір генерациясы 63%, газ генерациясы 26%, жаңартылған энергия көздері (су электр станцияларымен қоса) 10%.

Биылдың 1 шілдесінен бастап электр энергиясының орталықтандырылған сатып алу және сату моделі іске қосылды. Басқаша айтқанда, электр энергияны бірыңғай сатып алушы жарияланды. Бүгінде өз жұмысын бастап кетті. Сауда-саттық алдағы тәуліктің әр сағатына әртүрлі тарифтер қалыптастырылып келеді.

Жұмыстың бірінші айында бірыңғай сатып алушы бәсекелестік жағдайының алғашқы нәтижесін көрсетті. Атап айтқанда, профицит сағаттарында, яғни артық электр энергиясын сатуды жүзеге асыру мақсатында жоғары тарифтері бар электр станциялары электр энергиясының құнын 10%-ға дейін төмендетті. Отандық электр станцияларының электр энергиясының көлемі жеткіліксіз болған кезде бірыңғай сатып алушы іргелес энергия жүйелерінің электр энергиясын сатып алуды жүзеге асырады. Бұл мемлекетаралық ағындар сальдосының ауытқуын барынша азайтуға мүмкіндік береді, - дейді Жандос Нұрмағанбетов.

Оның айтуына қарағанда, импорттық электр энергиясының құны барлық көтерме тұтынушыларға біркелкі бөлінеді.

Яғни Ресей Федерациясының электр энергиясының бағасы шамамен 26 теңгеге дейін барады. Жетпеген көлемді Ресейден алып, тұтынушыға жүктеп отырмыз. Бұдан басқа, электр энергиясының жоспарлы импорты мүмкіндігін еліміздің ірі электр станцияларында күрделі жөндеу жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл өткен жылдары Қазақстанның энергиясы жүйесінде электр энергиясының тапшылығына байланысты мүмкін болмады. Бұл алдағы қыста елдің энергия қауіпсіздігін арттыру мүмкіндігін береді, - деді вице-министр.

Энергетикалық қауіпсіздік, апатты ЖЭО: Қазақстан қысқы маусымға дайын ба

Бүгінгі таңда тұтынушылардың электр энергиясына сұранысы электр желілерін өткізу қабілеті шегінде толық көлемде қанағаттандырылады. Бірақ 2024-2025 жылдардан бастап кейбір аймақтарда осындай қиындықтар болуы мүмкін.

Бұл ретте бірыңғай сатып алушы моделі жоғары жүктеме сағаттарында Қазақстанның барлық тұтынушысын электр энергиясына деген қажеттілігін нақты жоспарлау кезінде де өз отандық энергия есебі көздерінен елдің электр энергиясына барлық қажеттілігінің жабу мүмкіндігінің жоқ екенін көрсетті. Біз шілдеде шамамен 550 млн кВт/сағ, ал тамызда 630 млн кВт/сағ Ресейден сатып алдық. Бұл үлкен көлем. Бұл біздің энергетика жағдайымыздың қандай екенін айқын көрсетіп отыр, - деп атап өтті вице-министр.

Нұрмағанбетовтің айтуынша, министрлік 2029 жылға болжамды теңгерім жасады. Теңгерім бойынша 2029 жылы қажеттілік 25 мың МВт болады. Ал өзіміздің қолда бар қуаттылығымыз 22 мың МВт. Демек тапшылық 3 000 МВт болып отыр. 

Осыған байланысты энергетикалық қауіпсіздікті сақтау ел экономикасы мен халықты сенімді энергиямен жабдықтау қажеттілігін, сондай-ақ электр энергиясын тұтынудың жыл сайынғы өсімін ескере отырып жаңа энергия қуаттарын енгізді және қолданыстағы станцияларды жаңарту жүзеге асыру талап етіледі.

Екі қалада жаңадан жылу станцияларын салу көзделген. Бұл Көкшетау қаласындағы 40 МВт құрайтын жылу электр орталығы және Семейдегі 300 МВт-тан жоғары жылу электр орталығын салу жоспарланған. Көкшетау станциясын тендерге шығарғанмен өтінімдер түспеген. Өйткені қазіргі күні көмір станцияларын қаржыландыру мәселесі өте күрт қиындап кетті. Сондықтан қатысушы болмағаннан кейін амалсыздан екінші тендерді өткізді. Оған да ешкім қатыспады. Қазір қараша айында үшінші рет өткізілгелі отыр.

Самұрық-Энерго Семей жылу электр орталығына техникалық-экономикалық негіздеме жасап жатыр. Ол біткеннен кейін станцияның қуаттылығы, шығындары мен бағасы белгілі болады, - деп айтты Жандос Нұрмағанбетов.

Вице-министр атап өткендей, бүгінгі таңда тапшылықты жою үшін Самұрық-Энерго жаңа көмір генерациясын іске асыруға өтініш білдіріп отыр. Біршама жобалар бар. Министрлік түрлі мекемелермен жұмыс істеді. Яғни ешқайсысы, әсіресе Қытай компаниялары немесе басқа шетелдік компаниялар көмір генерациясын қаржыландыру өте қиын болғандықтан бас тартып отыр. Демек келген инвестор тек қана «жасыл энергияны» салуға ниет білдіріп отыр.

Энергетикалық қауіпсіздік, апатты ЖЭО: Қазақстан қысқы маусымға дайын ба

Министрлік көмірден басқа, газ генерациясын алға қойып отыр. Бүгінгі таңда Түркістан облысында қуаттылығы 1 000 МВт және Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 МВт газ станциялары салынып жатыр. Екі мекемемен келісімшарттар жасалған. 2025-2026 жылдары осы станциялар іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Самұрық-Энергоның да жобалары бар. Атап айтқанда, Алматы жылы электр орталығы көмірден газға ауыстыру мәселесі бойынша 600 МВт газ қондырғысын салып жатыр. Алматы үшінші ЖЭО-да қайта құру жобасы бойынша қуаттылығы 450 МВт жаңа станция салынады. Осының бәрін қосқанда 2 500 МВт-тан асатын газ станциялары 2026-2027 жылу маусымында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл жерде айта кетерлігі, газ ресурсының тапшылығы бар. Біріншіден, газ ресурсының көзі жетпей жатыр. Яғни жетіспейтін көлемді Ресей Федерациясынан сатып алып, оны белгілі бір тетікпен ЖЭО-ларға сату мақсаты бар. Бірақ ол мәселе әлі шешілмеген. Екіншіден, инфрақұрылымдық қиындық бар. Яғни «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры қысқа маусымда 106% көрсеткішпен жұмыс істеп кетті. Күн аяз болып, оңтүстік халқының бәрі газ тұтынған кезде газ тапшылығы сезіліп отыр. Бұл күрделі мәселе, - дейді Энергетика вице-министрі.

Одан басқа да салынып жатқан жаңартылған энергия көздері бар.

Қорытындылай келгенде, энергетика саласында жағдай қиын. Газ тапшылығы, көмір генерацияға ақша тартудың мүмкіндігі жоқтығы және энергетиканың қауіпсіздігі мәселесі бар, - дейді ведомство өкілі.

Энергетикалық қауіпсіздік, апатты ЖЭО: Қазақстан қысқы маусымға дайын ба

Қысқа дайынбыз ба?

Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасы Сұңғат Есімханов еліміздің қысқы маусымға дайындық барысы жайлы ақпарат берді.

Ол алдымен соңғы 3 жылдағы технологиялық бұзушылықтар жөнінде сөз етті.

Негізгі құрам өсіп келе жатса да, апаттар мен бірінші деңгейлі бұзушылықтардың санының едәуір өсіп бара жатқанын көріп отырмыз. Оның басты себептері – тозу мәселесі және жөндеу жұмыстарының азаюы, - дейді Есімханов.

Оның сөзінше, 2023-2024 жылдардағы жылу кезеңіне жүйелі оператормен кесте келісілген. Барлық жылу орталығы, электр станциясы жөндеу жұмыстарын жоспарлап, осы жылға бекітті.

Энергоблоктардың жөндеу жұмыстары кесте бойынша жүргізіліп келе жатыр. Бір энергоблокта ғана жұмыс басталған жоқ. Ол – Ақсу электр станциясы. Кесте бойынша онда қыркүйектің екінші жартысында басталады. Қазандықтардың да қарқыны жақсы. Турбиналарды жөндеу кестеге сәйкес келмей тұр. Оған бірнеше себеп бар. Бірінші жартыжылдықта электр энергиясының тапшылығына байланысты турбиналарды жөндеу жұмыстары кейінге қалдырылған болатын. Қазіргі кезде барлық жөндеу жұмыстары екінші жартыжылдықта жүріп жатыр. Оған бірыңғай сатып алу туралы ереже енгізілгені ықпал етті, - деп айтты Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасы.

Комитет басшысының сөзінше, бірыңғай сатып алу туралы ереже жөндеу жұмыстарын толық жасауға оң әсерін тигізеді. Мысалы, былтыр тапшылыққа байланысты жүйелік оператор Екібастұздағы ГРЭС-1-де 90 күннің орнына 50-60 күн ғана жөндеу жұмыстарына рұқсат бере алды.

Энергетикалық қауіпсіздік, апатты ЖЭО: Қазақстан қысқы маусымға дайын ба

2023 жылы электр станцияларында 10 энергоблокты, 49 қазандықты және 54 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Ал 4 энергоблокты, 23 қазандық пен 20 турбинаға әртүрлі кезеңде жөндеу жұмыстары жасалмақ. Тәуекел аймағына Риддер, Теміртау, Екібастұз, Шахтинск және басқа қалалардағы жылу электр станциялары кіреді, - дейді ол.

Риддерде бүгінгі күні 6 қазандықта күрделі жөндеулер жүргізіліп жатыр. Республикалық бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бүгінгі күні 12 мердігер жұмыс істеп жатыр. 350-400 адам қызметкері бар. Министрлік басшылығы жүйелі түрде бақылауда ұстап отыр.

Сөзінше, Екібастұзда да күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оған бюджеттен 7,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал Теміртау қаласындағы 6 қазандықтың төртеуі дайын. Жезқазғанда 4 қазандық дайын, ал екі қазандықты жөндеу жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатқан жоқ.

Еліміздегі барлық электр станцияларын көмірмен қамту жұмысы да бақылауда.

Сонымен қатар елімізде жалпы ұзындығы 25 мың шақырымнан асатын электр беру желілері, 570-ке жуық қосалқы станциялар мен 3,5 мың тарату пунктері мен трансформаторлық қосалқы станциялар күрделі жөндеуді күтіп тұр.

Өзгелердің жаңалығы