Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында энергетика саласындағы цифрлық трансформацияның маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Цифрлық трансформация белгіленген мерзімдерге сай, мүдделі барлық мемлекеттік органдар мен құрылымдар арасында нақты үйлесімді түрде жүргізілуі қажет. Біздің мақсатымыз – энергетикада және жалпы экономикада шынайы әрі сапалы өзгерістерге қол жеткізу, – деді Премьер-министр.
Олжас Бектенов бірнеше нақты тапсырма берді:
- Энергетика министрлігі жыл соңына дейін 250 МВт, ал келесі жылы 2,5 ГВт қосымша энергия қуатын енгізуді қамтамасыз етуі керек. Сонымен қатар қолданыстағы станциялардың қыс мезгіліндегі жұмысын тұрақты бақылауда ұстау қажет.
- Энергетика министрлігі мен Қаржы министрлігі жыл соңына дейін “Отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін” құру және оған қолдау көрсету бойынша шараларды аяқтауы тиіс. Жаңа жүйе онлайн-мониторинг арқылы энергетикалық нысандар жұмысының сенімділігін қамтамасыз етеді.
- “Самұрық-Энерго” компаниясы келесі жылдың наурыз айына дейін Семей және Өскемен қалаларында жылу электр станцияларының құрылысын бастауға дайындық жұмыстарын аяқтауы қажет. Барлық жоба заманауи экологиялық стандарттарға сай жүзеге асырылуы керек.
- “KEGOC” компаниясы Батыс энергетикалық аймағын Бірыңғай ұлттық жүйеге қосу жұмысын жеделдетеді. Бұл жоба Қазақстанның энергетикалық жүйесін байланыстырып, оның дербестігі мен қауіпсіздігін арттырады.
- Энергетика, Жасанды интеллект және Қаржы министрліктері 2026 жылдың соңына дейін Салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығын іске қосып, отын-энергетика кешенінде инфокоммуникациялық инфрақұрылым операторының жұмысын қамтамасыз етеді. Бұл жүйе энергетика саласының барлық субъектілерін киберқауіптерден қорғауға бағытталған.
Еске сала кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға арта беретінін айтып, саланы дамыту қажеттігіне назар аударды.