Энергетика вице-министрі жылыту маусымының өту барысы туралы айтты

Жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы 20%-ға артып, 411 млрд теңгені құраған

 ©BAQ.KZ коллажы 16 Ақпан 2026, 12:05
16 Ақпан 2026, 12:05
582
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов ағымдағы күзгі-қысқы кезеңнің өту барысы туралы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ағымдағы күзгі-қысқы кезең тұрақты өтуде. Тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық қамтамасыз етілген. Электр станциялары Жүйелік оператор бекіткен режимге сәйкес жұмыс істеп жатыр, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, өткен жылы жүргізілген жөндеу науқаны нәтижесінде 10 энергоблок, 63 қазандық және 39 турбина жөнделген. Жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы 20%-ға артып, 411 млрд теңгені құраған.

Сондай-ақ 17 мың шақырым электр желісі мен 420 қосалқы станция, 323 шақырым жылу желісі жаңартылған. Нәтижесінде электр энергиясын өндірудің тарихи ең жоғары көрсеткіші – 17 273 МВт-қа қол жеткізілді.

Вице-министрдің сөзінше, ЖЭО-лардың тозу деңгейі 64%-дан 61%-ға дейін төмендеген. Ал биылғы жөндеу науқаны аясында тағы 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбина жөнделмек.

Министрлік алдағы уақытта да жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады.

Еске салайық, бұған дейін Сұңғат Есімханов Қазақстанда көмір қоры 4,5 млн тоннадан асқанын айтты. 

Наверх