Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Энергетика министрлігі жарық тұтыну туралы: Уақыт ауысса да, тұтыну шарықтаған жоқ

Бүгiн, 11:09
217
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Энергетика министрлігі бірыңғай уақыт белдеуіне (UTC+5) көшу өңірлерде электр энергиясын тұтынудың айтарлықтай өсуіне әкелмегенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы вице-министр Сұңғат Есімханов мәлімдеді.

Шығыс Қазақстан облысында бұл мәселе көбірек айтылып жүргенімен, биылғы энергия тұтыну өткен жылмен салыстырғанда небәрі 1 пайызға ғана өсті. Бұл – халық санының артуы, жаңа нысандардың салынуы сияқты факторлармен байланысты. Ал Атырау облысында, керісінше, уақыт өзгермегеніне қарамастан, тұтыну 13 пайызға өсті. Себебі ол жерде жаңа өндірістер іске қосылды, – деді ол баспасөзге арналған кездесудің кулуарында.

Айтуынша, Қызылорда облысында электр энергиясын тұтыну 6 пайызға артқан. Энергетика министрлігінде бұл өсімді энергетикалық нысандардың көбеюі мен халық санының артуымен түсіндірді.

Энергетика қауымдастығының пікірі бойынша, уақытты ауыстыру біріншіден, энергетикаға байланысты шешім болған жоқ, екіншіден, тұтыну көлемінің өсуіне айтарлықтай әсер еткен жоқ. Кешке қарай қараңғылық ертерек түседі, ал таңертең жарық ертерек атады, яғни жүктеменің шарықтау шегі тек орын ауыстырды. Жыл сайынғы тұтыну өсімі бұрынғыдай 3–4 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Ал логикаға салсақ, егер әсері болса, бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы тиіс еді, – деп түсіндірді вице-министр.

Еске салайық, 2024 жылдың 1 наурызына қараған түні Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Сол кезде 13 облыс пен республикалық маңызы бар үш қалада сағат тілі бір сағатқа артқа шегерілді.

Өзгелердің жаңалығы