Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжіліс кулуарында Каспий құбыр консорциумы (КТК) жұмысына қатысты пікір білдірді. Министрдің айтуынша, КТК бүгінде штаттық режимде жұмыс істеп, жобалық қуатта қызмет атқарып тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кейбір ақпаратта терминал тек бір ғана айлақ құрылғысымен (ВПУ) жұмыс істеп жатыр деп айтылғанымен, бұл шындыққа сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта КТК екі айлық құрылғысымен жұмыс істейді: №1 айлақ құрылғысы және №3 айлақ құрылғысы. №3 айлақ құрылғысы жексенбі күні жөндеуден шыққан. Ал бұрын шабуылға ұшыраған №2 айлақ құрылғысы әлі жартылай су астында, оның кемесі 3,5х2 метрлік тесіктен зардап шеккен. Ауа райының қолайсыздығы – күшті дауылдар мен теңіздегі ішкі ағындар – себепті оны қалпына келтіріп, ішкі жүйелердің техникалық жағдайын бағалау әлі мүмкін болмады, - деді министр.
Ақкенженов сондай-ақ КТК жаңа екі айлақ құрылғысын Біріккен Араб Әмірліктерінде тапсырыс бергенін атап өтті.
Оларды жеткізу шамамен 30 күн, монтаж және демонтажға тағы 40 күн қажет болады. Осылайша, шамамен 70 күн ішінде КТК үш В айлақ құрылғысымен жұмыс істей бастайды. Қазіргі конфигурацияда да терминал жобалық қуатпен толық жұмыс істеуде, өйткені есептеулер бойынша негізгі жұмыс үшін екі айлақ құрылғысы жеткілікті, ал үшінші айлақ құрылғысы әрдайым резервте болған. Қазіргі уақытта терминал күн сайын екі толық танкерді тиеуде, сондықтан қауіпті жағдай жоқ, - деп атап өтті ол.
Министр сонымен қатар Қазақстан мұнайын тиеуге қатысқан танкерлерге жасалған шабуылдар туралы да жағдайды түсіндірді. Екі кеме зардап шекті: біреуі «ҚазМұнайГаз» компаниясына қарайтын «Қазмортрансфлот» арқылы сақтандырылған және Мальта туымен жүрген, екіншісі Chevron компаниясында ұзақ мерзімді жалға алынған.
Танкерлер зақымданғанымен, су үстінде қалу қабілетін сақтап, жөндеуге жіберілді. Мұнай тиеуге бұл әсер етпеді, алайда сақтандыру құны артты. Екі оқиға да Новороссийск шығанағынан шамамен 140 км жерде болды, кемелер толық сәйкестендірілген және транспондерлер қосулы болды. Бұл «қызыл флотқа» жатпайтын кемелер, барлық халықаралық және Chevron стандарттарына сай, – деді Ерлан Ақкенженов.
Министр бұл шабуылдарды «түсініксіз» деп бағалады, себебі кемелер заңға сәйкес әрекет еткен және толық бақылауда болған.
Еске салсақ, бұған дейін Қара теңізде Ресей жағалауына жақын орналасқан Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалы маңында мұнай танкерлеріне белгісіз ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасаған еді.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Қара теңіздегі мұнай танкерлерімен байланысты оқиғалар жөнінде мәлімдеме жасады. Министрлік 13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының теңіз терминалына бет алған үш танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалған шабуылдарға байланысты айтарлықтай алаңдаушылық білдіретінін жеткізді.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым аталған жағдайға байланысты Шевронмен келіссөз жүргізуді ұсынды.
BAQ.KZ тілшісіне эксклюзив сұхбат берген Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағы президиумының төрағасы Рашид Жақсылықов КТК-ның тұрақсыз жұмысы ұзаққа созылса, оның салдары бюджеттен бастап, валюта нарығына дейін сезілетінін айтады.