Эндокринолог: Қант диабетінен арылу үшін артық салмақтан құтылу керек

Бүгiн, 18:33
322
Бөлісу:
Эндокринолог: Қант диабетінен арылу үшін артық салмақтан құтылу керек
Фото: автордан

Қазір қоғамда семіздікпен күресіп жүргендер көп. Сондай-ақ эндокриндік жүйесінде бұзылыстары бар, тез шаршап, ағзасы әлсіреп қалатындар бар. Біз М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің Отбасылық медицина клиникасының эндокринологы Марина Қалжановамен сұхбаттасып, осы тақырыпты талқылаған едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Марина Жамағатқызы, алдымен өз жұмысыңыз жайлы айтып кетсеңіз.

- Мен 1996-2003 жылдары аралығында Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы медицина академиясын (сол кезде академия) үздік бітіріп, 2004 жылы Алматы қаласында ересектер және балалар эндокринологы мамандығын тәмамдадым. Бүгінде осы салада 21 жылдық тәжірибем бар. Отбасылық медицина клиникасында эндокринолог болып қызмет етемін.

- Қазіргі таңда елімізде қант диабетіне шалдыққан науқастардың саны көбейіп барады. Бұған не себеп? Сіздің клиникаңызда қанша науқас есепте тұр?

- Қант диабеті — қазіргі таңда әлемде, оның ішінде біздің елімізде ең кең таралған ауру. Оның басты себептері — дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аздығы, артық салмақ, күйзелістік жағдайлар, генетикалық бейімділік. Осы аурумен жыл сайын есепке алынатын науқастардың саны артуда. Бүгінде біздің клиникамызда 400-ден астам науқас бар.

- Қант диабетінің алдын алу үшін не істеу керек?

- ⁠Аурудың алдын алу үшін, ең алдымен, жыл сайын емханада өтетін скринингтік тексерулерден өз уақытында өтіп отыру керек. Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстану керек, яғни, артық тамақ, соның ішінде жеңіл қорытылатын көмірсулы тағамдарды, ұннан жасалған тәтті тағамдарды, өте майлы тағамдарды, тез дайындалатын тағамдарды азайту немесе шектеу қажет. Тамақты уақытында жеген дұрыс және қалыптыдан артық жемеу қажет. Өз салмағын өлшеп, артық болған жағдайда дұрыс шаралар қолдану керек. Одан соң зат алмасуы дұрыс болуы үшін қимыл қозғалыс, күніне 10 мың қадам жаяу жүрген пайдалы. Мәселен, аптасына үш рет белсенді қимыл жүктемелерін жасау — ағзаға өте қажет нәрсе. Жалпы түнгі ұйқыны қалыптастырған дұрыс: түнгі ұйқы мөлшері 7-8 сағат болуы шарт және кешкі сағат 22:00-23:00-ге дейін ұйықтап қалу қажет.

- Қант диабетінің семіздікпен байланысы бар ма? Әлде бұл ағзаға байланысты ма?

- Семіздік — қант диабетіне әкелетін бірден бір факторлардың бірі. Себебі артық майлар көмірсу, ақуыз, май алмасуларын бұзады, ондай ағзада ұйқы безінің жұмысы нашарлап, инсулинрезистенттілік дамиды. Бұл — қант диабеті дамуының алғышарттарының бірі.

Қазір медицинада қант диабеті мен семіздікке қатысты жаңа болжамдар бар. Мәселен, егер семіздігі бар адам қант диабетімен ауырып қалған жағдайда салмағын 10-15 пайызға азайтатын болса, қант диабетінен жазылуы мүмкін. Оған көптеген критерийлерді қалпына келтіру керек: мысалы, дәрі-дәрмексіз 3-6 ай ішінде қант және гликирленген гемоглобин деңгейінің қалыпқа келуі, қандағы холестериннің қалыпқа келуі, салмақ азайту, тағы басқалар.

- Қазір көп адам, әсіресе, жастардың арасында үнемі шаршап, ұйқысы кеп жүретіндер бар. Бұл эндокриндік жүйе ауруларының белгісі емес пе?

- Ең алдымен, шаршап, энергиясының жетіспей жүруін әр адам өзін жеке бақылауға алып, салмақ пен бойын өлшеп, тамақтануын дұрыстап, қимыл қозғалыстар қосып, ұйқысын қалыптастырып, жасап жатқан жұмысындағы көп жүктемелерді азайтып, күйзелістен арылып, жақсы демалуы керек. Егер бұл өзгерістер ағзаны қалпына келтірмесе, дәрігерге көрінуі керек. Бұл жағлайлар әр ауруларда кездесуі мүмкін, мысалы, анемия, витаминдер жетіспеушілігі, жүйке жүйесі аурулары, сондай-ақ эндокриндік себептер — гипотиреоз, қант диабетінен болуы мүмкін.

- Сіздер гипотиреоз, гипертиреоз, зоб сияқты ауруларды емдейсіздер. Мұндай аурулар неден пайда болады? Дертті асқындырмас үшін не істеу керек?

- Гипотиреоз қанда қалқанша без гормондарының төмендеуі салдарынан, ал гипертиреоз керісінше гормондардың шектен тыс артық бөлінуінен болады. Оның себептері де әртүрлі: тұқым қуалаушылық, йод жетіспеушілігі, иммундық жүйенің бұзылыстары, операциядан кейін туындайтын бұзылыстар, тағы басқалар.

Бұл аурулардың алдын алу үшін жылына бір рет тиреотропты гормонды тексеріп және қалқанша бездерін ультрадыбыстық зерттеуден өткізген дұрыс. Патологиялық өзгеріс анықталған жағдайда эндокринолог дәрігерден кеңес алып, тұрақты түрде ем алып отырса, асқынулардың алдын алуға болады.

- Бүгінде елімізде сәби сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылар көп. Олардың көбіне нақты диагноз қойылмайды. Осы тұрғыда айтыңызшы, бедеулікті (әйелдер мен ерлер) қалай анықтауға болады? Қандай жағдайда әйелдер немесе ерлер дәрігер-эндокринологқа көрінуі керек?

- Бала сүйе алмаудың эндокриндік себептеріне гипогонадизм, гипотиреоз, гипертиреоз, пролактин мөлшерінің көбеюі, қант диабеті, тағы басқа аурулар жатады. Жалпы, жүктілікті жоспарлаған уақытта эндокринолог кеңесін алған дұрыс. Егер ерлі-зайыптылар бір жылдан астам уақыт ішінде бала сүйе алмаса, эндокринолог маманға барып, толық тексеруден өтуі керек.

- Ақтөбе облысында эндокринология саласында қандай мәселе бар? Дәрі-дәрмекпен, медициналық құрылғылармен қамтуда проблемалар бар ма? Мамандар тапшы ма?

- Ақтөбе облысында эндокриндік ауруларды емдейтін аурухана, емханалар барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мысалы, қант диабетімен ауыратын балаларға инсулиндік помпа қойылады, қазіргі таңда облысымызда 90-нан астам бала инсулиндік помпа арқылы ем қабылдайды.

Өңірде бүгінде кейбір ауылдық аймақтарда эндокринолог дәрігерлер жетіспейді. Ал дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуде мәселе жоқ. Тек молекулярлық-генетикалық талдаулар ақылы. Сондай-ақ кейбір талдаулар біздің елімізде жүргізілмейді.

- Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы