Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желіде жазды.
Жүйелерді автоматтандырмас бұрын ондағы хаосты реттеп алу керек, әйтпесе автоматтандырылған хаосқа тап боламыз. Сондықтан Президент Жарлығына сәйкес бюрократиядан арылту процесінде мемлекеттік басқаруға жүйелі реинжиниринг пен цифрлық трансформация жасау аса маңызды.Өкінішке қарай, мемлекеттік органдардағы бірқатар бизнес-процестер коррупциягендік сипатқа ие және халық мүддесінен алшақ. Осы себепті екі жылдан бері барлық орталық мемлекеттік органдар Цифрлық трансформация орталығында өз бизнес-процестерін егжей-тегжейлі қайта қарастырып, барынша сапалы, ыңғайлы және қисынды етуге тырысып жатыр.Мысалы, былтыр кішігірім жол-көлік апаттары кезінде құжат ресімдеу процесін қаншалықты жеңілдетуге болады деген мәселе талқыланды. Бұл орайда ҚР ІІМ және ҚР ҚНРДА сарапшыларымен бірге барлық аспектілерді зерделеген соң еурохаттамаға бағыт алу арқылы бұл мәселе де шешілді. Осы жұмыстың нәтижесінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, – деді Бағдат Мусин.
Қазір жол-көлік оқиғасын ресімдеу – ұзақ процесс. ЖПП қызметкерлері құжат толтырады, медициналық куәландыру, сотқа жүгіну, тек содан соң бір-бір жарым айдан кейін ЖКО қатысушылар сақтандыру төлемдеріне қол жеткізе алады.
Енді қазақстандықтар сақтандыру оқиғасын полицияның қатысуынсыз реттей алады және сақтандыру төлемдерін сотқа жүгінбей-ақ ала алады. Барлық үдеріс мобильді қосымша арқылы жүргізіледі, – деп жазды министр.
Алайда мынадай талаптар сақталуы қажет:
* Жол-көлік оқиғасында жәбірленушілер болмауы тиіс және тек екі көліктің қатысуы;
* Жол-көлік оқиғасына қатысқан автомобильдер ғана зақымдалған болуы тиіс;
* Жол-көлік оқиғасына жәбір көрген азамат мен кінәлі тұлға туралы ақпарат қолданыстағы полистерге жазылуы тиіс;
* Келтірілген залал сақтандыру төлемінің ең жоғары сомасынан аспауы тиіс;
* Жәбірленуші мен ЖКО кінәлі адам жол-патрульдік полиция қызметкерлерін шақырмай, жол-көлік оқиғасын рәсімдеуге және еурохаттамаға қол қоюға өзара келісуі тиіс .
Бұл жаңашылдық жүргізушілерге уақытын үнемдеуге және түрлі мекемелерді араламай-ақ мәселені жылдам шешуге мүмкіндік береді. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазақстандықтарға қолайлы және тиімді жағдай жасау үшін 2023 жылы еурохаттама бойынша рәсімдеу жүйесіне көшуге дайындық іс-шараларын жүргізіп жатыр, – деді ол.