Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Енді жерді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толықтай тыйым салынады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин айтты.
Бүгін Мәжіліс депутаттары жерді шетелдіктерге беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын мақұлдады.
Бүгінгі мақұлданып отырған Жер қатыныстары туралы заң жобасының Қазақстан қоғамында маңызы да, орны да ерекше. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген осы құжаттың нәтижесінде халқымыздың назарында жүрген сұрақ бойынша нақты шешім қабылданды. Енді жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толықтай тыйым салынады, - деп атап өтті Нұрлан Нығматулин.Сондай-ақ төраға жер мәселесі бойынша Жер реформасы жөніндегі комиссия өз жұмысын жалғастырып жатқанын айтты.
Комиссияның құрамына Мәжіліс депутаттары да кіреді. Комиссия отырысы аясында жер қатынасына қатысты басқа да мәселелердің шешімі табылатынына сенеміз, - деді ол.
Еске сала кетейік, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәжілісте заң жобасын таныстырды.