Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Енді еліміздің кез келген азаматы жеке куәліктің электронды нұсқасын қолдана алады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі цифрлық трансформациялау департаментінің директоры Назгүл Бажаева осылай деп мәлімдеді.
Бажаеваның айтуынша, 15 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды дамыту, ақпараттық қауіпсіздік және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған.
Аталған заңда бірқатар цифрлық құжатты қолдану іске қосылды. Енді азаматтар қандай да мекемеде куәлігін сұрайтын болса, электронды үкіметтің мобильдік қосымшасы арқылы жеке куәлігін көрсете алады. Бастысы, оның электронды түрін жүктеп алу қажет. Одан әрі QR код арқылы жеке басыңызды растайды,- деді Назгүл Бажаева «AMANAT» партиясы алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің сөзінше, бүгінде QR код арқылы жеке куәлікті растайды.
Осыған дейін жеке куәліктің электронды нұсқасы тек мемлекеттік қызмет алған кезде халыққа қызмет көрсету орталықтарында ғана қолданылған еді. Жаңа заңға сәйкес енді барлық жерде жеке куәлікті QR код арқылы көрсетсе жарап жатыр, - дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі цифрлық трансформациялау департаментінің директоры.