Экономика ғылымдарының докторы, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми хатшысы Айгүл Көшербаева Президенттің жеңілдіктер мен жәрдемақылар жүйесіне қатысты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан “жеңілдіктерді біріктіру” ұғымын түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл нені білдіреді? Егер талдайтын болсақ, “жеңілдіктерді біріктіру” дегеніміз – кеше жарияланған Жолдауда айтылғандай, сан алуан шашыраңқы төлемдердің орнына мұқтаждықты айқындаудың бірыңғай принципі енгізіледі деген сөз. Яғни ескірген әрі формалды жеңілдіктер жойылып, біріктіріледі, – деді ол.
Айгүл Көшербаева, Президент Жолдауда атаған, Қазақстандағы әлеуметтік қолдау тетігі шамадан тыс жүктелгенін мойындап, жариялайтын уақыт келгенін айтады.
Жүйенің шамадан тыс жүктелуі әдетте тиімсіздікке әкеледі. Жолдауда “тиімсіз жұмсалып жатқан дотацияларды инфрақұрылымдық жобаларға бағыттауға болар еді” деген тағы бір маңызды ой айтылды, – деді ол.
Сарапшы әлеуметтік қолдауға тиімсіз жұмсалып жатқан қаржыны мектептер, ауруханалар, жолдар және басқа да көптеген нысандар салуға жұмсауға болатынын жеткізді.
Әр жолы жергілікті атқарушы органдардың өңірлік бюджеттерін талдасаң немесе Жоғары аудиторлық палатаның есептерін оқысаң, барлық жерде қаржының тиімсіз жұмсалуы немесе қаражаттың жетіспеушілігі мәселесі алға шығады, - деп бөлісті ол.
Айгүл Көшербаева Президенттің “Кеңес Одағы жойылғанына 35 жыл болды, бірақ ардагерлер “жасарып” келеді” деуін қатаң, бірақ мәнді тұжырым деп санайды.
Өйткені жеңілдіктер алушылардың көп бөлігі тарихи санаттар бойынша сақталған, бірақ олардың көбі қазіргі кезде шын мәнінде мұқтаж емес, – деп түсіндірді сарапшы.
Айгүл Көшербаева әлеуметтік қолдау жүйесі қайта қарастыруды талап ететінін атады. Сондай-ақ сарапшы әлеуметтік әділеттілікке басымдық беріліп, экономикалық тиімділік қалыс қалып жатқанын айтты.
Бізге екі негізгі ұғымды, бір жағынан, әлеуметтік әділеттілікті және екінші жағынан, экономикалық тиімділікті өзара ұштастыру қажет болып тұр. Өйткені бізде көбіне басымдық әлеуметтік әділеттілікке беріледі. Әлеуметтік жеңілдіктер, жәрдемақылар, субсидиялар өте көп. Бірақ сонымен қатар біз экономикалық тиімділікті ұмыт қалдырамыз. Ал ол – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі шарттарының бірі, – деді сарапшы.