Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға стоматология мен офтальмология бағыттары бойынша өтінімдер қабылдау жабылғаннан кейін жаңа жол іздей бастады. Соның нәтижесінде бір мақсат ерекше көзге түсті. Ол – реконструктивтік және пластикалық операциялар. Бірақ «Отбасы банк» бұл бағыттағы өтінімдердің күрт өскенін байқап, оны тәуекел белгісі ретінде бағалап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұрын банк айына орта есеппен 16 ғана өтінімді қарайтын. Алайда қыркүйекте стоматологияға өтінім қабылдау тоқтаған соң, бұл көрсеткіш 123-ке жеткен. Қазанда – 1 844 өтінім, қарашада – 3 878 өтінім, желтоқсанның алғашқы 8 күнінде офтальмология бағыты бойынша – 2 093 өтінім түсті, – дейді банк төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Бұл әдеттегі деңгейден 130 есе жоғары көрсеткіш. Тек желтоқсан айының өзінде азаматтар пластикалық операцияларға 1,8 млрд теңгеге өтінім берген. Отбасы банк төрайымы Ләззат Ибрагимова жағдайға түсініктеме береді.
Біз азаматтардың пластикалық операцияларға деген қызығушылығының күрт артқанын байқап, мұны зейнетақы қаражатын мақсатсыз пайдалану қаупі деп қабылдадық. Өкінішке қарай, кейбір делдалдар арқылы қаражатты заңсыз жолмен шығару жағдайлары көбейіп келеді. Отбасы банк үшін басты міндет – зейнетақы жинақтарының мақсатты, дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету, – дейді ол.
Ибрагимованың айтуынша, зейнетақы жинақтары – азаматтардың болашақтағы қаржылық қауіпсіздігі, сондықтан оларды тек заңда бекітілген нақты мақсаттарға жұмсау қажет.
Пластикалық операциялар бағытында өтінімдерді қабылдау 2025 жылдың 12 желтоқсанынан бастап тоқтатылды. Қазіргі таңда банктің қарауында 6 294 өтінім бар. Олардың барлығы белгіленген тәртіппен қаралып, нәтижесі хабарланады.
Ал қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін сирек ауруларды емдеу, радионуклидтік және радиойодтерапия, радиохирургиялық ем, протондық терапия жасауға бағыттай алады. Сондай-ақ жылжымайтын мүлік бойынша мүмкіндіктер өзгермейді.
Айта кетейік, 15 қыркүйектен бастап «Отбасы банк» Қазақстандықтарға зейнетақы жинағынан тіс емдеуге қаржы алуға тыйым салынатынын жазған едік. Бұған дейін бұл бағыт зейнетақы төлемдерін медициналық мақсатта пайдалану бойынша ең танымал сала болған, алайда заңсыз фактілер анықталғаннан кейін шектеу енгізілді.
Бірақ бұдай кейін көз емдетуге сұраныс күрт артып, күдік тудырған жағдайлар көбейіп, бұл бағытқа да шектеулер қойылды. Соған қарамастан қараша айында офтальмологиялық қызмет бойынша 9,8 мың өтінім орындалып, 8,4 млрд теңге игерілген.
Сондай-ақ, бұған дейін қазақстандықтар зейнетақы қаржысын пластикалық операцияға ала бастағанын да хабарлаған болатынбыз.