Енді үйінде тұрмайтын адамдарды тіркегендер жауапқа тартылуы мүмкін

Бөлісу:
Енді үйінде тұрмайтын адамдарды тіркегендер жауапқа тартылуы мүмкін
Фото: Үкімет

Мәжілісте Астана, Алматы және Шымкент сияқты ірі қалалардағы көші-қон процестерін реттейтін заң қаралып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасын бірінші оқылымда Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды.

Қазіргі уақытта халық ірі қалаларда өмір сүруге талпынып жатыр. Бұл пәтерлерде тұрғындардың санын шектеусіз тіркеу проблемасына алып келді. Тәжірибе көрсеткендей, тұрғын үй иелері үйінде нақты тұрмайтын жүздеген азаматтарды тіркеу фактілері бар. Астана қаласының пәтерлерінің бірінде 800-ден астам адам тіркелген. Жалпы айтқанда, 924 осындай мекенжай анықталды, - деді Жұманғарин.

Үкімет мүшесі мәселені қалай шешуге болатынын айтты:

- елорда аумағында тұрақты және уақытша тұратын жері бойынша тіркеу нормативін бекіту, яғни мәслихатпен алдағы уақытта бір азаматқа қанша шаршы метр тиісілі екені белгіленеді;

- Астана аумағында бір мекенжайда нормативтерден артық тіркеуге тыйым салу бойынша өзгерістер енгізу ұсынылады.

Серік Жұманғаринннің сөзінше, бұл тіркеу нормативтері тұрғын үйдің меншік иесінің және жұбайының жақын туыстарына қолданылмайды.

Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу аясында тұрғын үйлерде тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуден шығармағаны үшін тұрғын үй иесіне жауапкершілік күшейтіледі, - деп айтты Премьер-министрдің орынбасары Мәжілістегі отырыста.

Айта кетсек, бүгін Мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң бірінші оқылымда қаралып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы