Енді түлектер жекеменшік ұйымдарда жұмыс істеп, гранттарын өтей алады

14 Қаңтар 2021, 16:07
1911
Бөлісу:
Енді түлектер жекеменшік ұйымдарда жұмыс істеп, гранттарын өтей алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында білім беру мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілген жаңа түзетулер жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім деңгейін де қамтығаны туралы жазды.

Министр жазбасында қандай өзгерістер енгізілгенін бөліп жарып көрсетті.

1. Енді жоғары оқу орындарында оқу жетістіктерін сырттай бағалау процедурасы жүргізілмейді. 

Жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік берілген. 

Әр ЖОО оқу бағдарламаларын өз бетінше әзірлейді. Сондықтан мұндай бағалау түрін жүргізудің қажеті жоқ. 

2. Білім алғанын растайтын өзіндік үлгідегі құжаттардың мазмұнына, оларды есепке алу және беру тәртібіне қойылатын талаптар да заң негізінде айқындалды. 

2021 жылдан бастап әрбір жоғары оқу орны білім алған азаматтарға жеке үлгісі бойынша диплом беретін болады. Яғни, енді әр жоғары оқу орнында берілетін дипломдардың барлығы біркелкі болмайды. Әр оқу орны жеке брендке айналып, студенттер оқу орындарын білім беру сапасына қарай таңдайтын болады. Бұдан былай мемлекеттік үлгідегі дипломдар берілмейді. 

Сондықтан заңсыз немесе жалған құжат айналымына жол бермеу мақсатында тиісті шаралар қабылданды, - деді министр.

Мәселен білім берілгенін растайтын құжатты есепке алу және сериялық нөмірлері бойынша бір жүйеге келтіру үшін дипломдардың мазмұнына қатысты бірыңғай минималды талаптар қарастырылған. 

БҒМ-нің ақпараттық жүйесінде берілген дипломдардың депозитариі, реквизиттері болады, сондай-ақ Болон процесінің талаптарына сай Diploma Supllement беру қарастырылады.

3. Мемлекеттік грант арқылы оқуға түскен студенттердің грантты жұмыспен өтеу шарттары жеңілдетілді. 

Енді түлектер тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істеп, гранттарын өтей алады. Басты шарт – дайындық бағыты (мамандығы) бойынша жұмыс істеуі тиіс. Бұл мәселені түлектер жиі көтеретін, - деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, жаңа норма түрлі ұйымдардағы кадр мәселесін шешуге де септігін тигізеді. 

Сондай-ақ түлектердің жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. 

Мысалы студент ауылдық квота арқылы фармацевтика бағыты бойынша оқуын аяқтады делік. Кейін ол ауылға барып, өз мамандығы бойынша мемлекеттік ұйымда жұмыс істеуге міндетті болатын. Ал ауылда мемлекеттік дәріхана жоқ болса ше? Түлектің қиын жағдайға тап болатыны анық. Сондықтан бұл мәселе де шешімін тапты. Қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дамып келеді және мемлекеттік тапсырыс жекеменшік балабақшаларда, мектептер мен ауруханаларда орналастырылып жатыр, - деді білім басшысы.

Ендігі кезекте грантпен оқыған түлек өз дайындық бағыты бойынша жекеменшік ұйымдарда еш кедергісіз жұмыс істей алады. 

4. Айтпақшы, кейбір грант иегері мемлекет шығынын жұмыспен өтеу рәсімін айналып өтудің амалын тапқан. 

Олар грант арқылы 3-курсқа дейін тегін оқып, үш жыл бойы стипендия алады. Содан кейін мемлекеттік грантты жұмыспен өтемеу үшін 4-курста ақылы бөлімге ауысатын.

Осыған байланысты грант иегерін оқытуға мемлекет жұмсаған шығындарды өтеу бойынша жаңа норма енгізілді. Мәселен, студент грантта екі жыл оқып, кейін ақылы бөлімге ауысты делік. Бұл жағдайда студент қанша жыл грантта оқыса, сонша жыл грантты жұмыспен өтеуге міндетті болады, - деп түсіндірді министр жазбасында.

Дәл осы норма, ақылы бөлімнен грантқа ауысқан студенттерге де қатысты болады.

5. Енді қарамағында колледждері бар жоғары оқу орындары да техникалық және кәсіптік білім беру бағыты бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру рәсіміне қатыса алады. 

Бұған дейін оларда мемлекеттік тапсырыс алу құқығы болмаған еді. Біз бұл мәселені де шештік. Енгізілген түзету жоғары оқу орындарының үздіксіз оқытуды қамтамасыз ету мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Бұл түзетулердің барлығы заңнаманы жетілдіруге, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім сапасын арттыруға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы