Енді студенттердің кәсіптік практикадан өту уақыты ресми түрде еңбек өтіліне кіреді

29 Желтоқсан 2020, 11:45
1860
Бөлісу:
Енді студенттердің кәсіптік практикадан өту уақыты ресми түрде еңбек өтіліне кіреді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Сенатының отырысында  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы қабылданды.

Біз, бір топ Мәжіліс пен Сенат депутаты бастамашылық жасап, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсындық, - деді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов.

Ол жаңа кезең білім жүйесіне жаңа талаптар қойып отырғанын айтты.

Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім сапасын жақсарту міндетін қойды. Сапалы білімі бар елдің экономикасы да өседі, дамиды. Заң жобасымен Қазақстан Республикасының екі кодексіне және үш заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген, - деп атап өтті ол.

Депутат қандай қиындық болса да, білім беру процесі үздіксіз жүретінін жеткізді.

Осы уақытқа дейін заңнамада қашықтан білім беру жөнінде бірегей түсінік болмаған еді. Енді «қашықтан оқыту» ұғымы нақтыланып, оны өткізу тәртібі айқындалды. Сондай-ақ, оқулықтар сапасының төмендеуі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көп айтылып жүр. Бұл мәселе жалпы қоғам, ата-аналар тарапынан да жиі сынға ұшырайтын. Заң жобасында осы мәселені түбегейлі шешу көзделген. Ол үшін білім саласындағы уәкілетті органға үлгілік оқу жоспарларын, бағдарламаларын, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді сараптау мен сынақтан өткізу, мониторинг жүргізудің арнайы қағидасын әзірлеп, бекіту тапсырылып отыр, - деп түсіндерді Жұмағұлов.

Оның сөзінше, бұл оқулықтардың сапалы дайындалуына, авторлардың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Ұлттық мониторинг та оқу сапасын сырттай бағалаудың әлемдік жетілген тәжірибесі. Осыған сәйкес, «оқушылардың білім жетістіктерін айқындау үшін мониторинг өткізу» жөнінде норма енгізілді. Аталған норма оқушылардың базалық білім деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

Сіздердің назарларыңызды тағы бір мәселеге аударғым келеді. Қазіргі жағдайда «Кәсіпкерлік кодексіне» сай әртүрлі тексерулерге тыйым салынған. Осыған орай білім сапасын қадағалау мақсатында барлық мектепке дейінгі ұйымдарды, мектептерді, колледждерді, бес жылда бір рет мемлекеттік аттестациядан өткізудің заңнамалық механизмі жасалып отыр. Білім сапасын мемлекет назарында ұстау – әлеуметтік-саяси мәні бар маңызды қадам деп есептеймін, - деп айтты ол.

Сонымен қатар депутат қосымша білім беру мәселесіне де тоқталды.

Заң жобасындағы тағы бір маңызды жаңалық - қосымша білім беруге мемлекет тарапынан қаржыландыру көзделіп отыр. Бұл да ата-аналар тарапынан жиі айтылып жүрген маңызды ұсыныс болатын. Бүгінгі таңда республика бойынша 1263 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Ол ұйымдардан 1 миллион 200 мыңнан астам бала тәлім алады. Қосымша білім беруді мемлекеттік қаржыландыру – балаларымыздың рухани, шығармашылық дамуына зор ықпалын тигізетін маңызды қадам деп білемін, - дейді депутат.

Сондай-ақ заң жобасын әзірлеу барысында жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпкерлердің, ата-аналардың ұсыныстарын ескеріп, қосымша білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік ұйымдарда, колледждерде балаларды тамақтандыру, оларға тауарлар сатып алу қызметтерін мемлекеттік сатып алу заңы аясынан шығару мәселесі шешілді.

Қазір колледждерді бітірген түлектер еңбек өтілі (тәжірибесі) болмағаны үшін жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болып жүр. Енді Еңбек кодексіндегі еңбек қызметін растайтын құжаттар тізіміне дуальды оқыту туралы шарт енгізіліп отыр. Осы арқылы студенттердің өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өту уақыты ресми түрде еңбек өтіліне кіретін болады, - деп түсіндірде Сенат депутаты.

Сонымен қатар жоғарғы білім беру жүйесін дамытуға қатысты да бірқатар нормалар қаралды.

Бақытжан Жұмағұлов бұл заң жобасының қабылдануы қазақстандық білім беру саласы үшін өте маңызды екенін атап өтті.

Бұл заң жобасының қабылдануы қазақстандық білім беру саласы үшін өте маңызды. Біріншіден, білім сапасын жақсартады, екіншіден, қажетті мамандар даярлауға жол ашады және үшіншіден, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді, - деді ол отырыста.

Өзгелердің жаңалығы