Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында "Саяси партиялар туралы" заңына өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралды.
"Саяси партиялар туралы" заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында берген тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген.Заң жобасында саяси партияларды тіркеу үшін оған мүше адамдар санын 40 мыңнан 20 мыңға дейін төмендету ұсынылады. Бұл ұсыныс саяси партияларды құру тәртібін жеңілдетеді, сондай-ақ мемлекеттік шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестеріне оң әсерін тигізеді, - дейді ҚР әділет министрі Марат Бекетаев.
Жалпы, Әділет министрлігінің түсіндіруінше, "Саяси партиялар туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы небәрі 2 баптан ғана тұрады. Бірі осы бұдан былай жаңа партия ашу үшін құрылтайшыға 20 мың мүше жинаған жағдайда жеткілікті болса, екіншісі - партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін кемінде 30 пайыз квота енгізу көзделген.
Ұсынылып отырған заң жобаларын әртүрлі алаңдарда мақсатты топтар қарады. Атап айтқанда, заң жобаларын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жекелеген мүшелері, жастар және саяси партиялардың өкілдері кеңінен талқылады. Жалпы, осы заңнамалық бастамалар әйелдер мен жастарды қоғамның саяси өміріне белсене қатысуға, сондай-ақ көппартиялық жүйені одан әрі қалыптастыруға ықпалын тигізетін болады, - деді министр.