Енді Қазақстанға келу үшін виза рәсімдеуде нені білу керек?

20 Мамыр 2024, 15:33
427
Бөлісу:
Енді Қазақстанға келу үшін виза рәсімдеуде нені білу керек?
Фото: скрин

 Бүгін ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев жаңа заңдағы өзгерістер туралы брифинг барысында баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы «Халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған еді.

«Халықтың көші-қоны туралы» заңдағы жаңа баптарға сәйкес шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын заңды және жеке тұлғаларды тексеру тәртібі заңнамалық деңгейде бекітіледі. Бұл көші-қонды бақылаудың тиімділігін арттырып, жүйелі түрде жасалатын және жасырын құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді,- дейді ол.

Сондай-ақ енді отбасымен қауышу институтын нығайту мақсатында Қазақстан Республикасына келуге визаны рәсімдеу кезінде отбасы мүшелерін қаржылық тұрғыда қамтамасыз ете алатынын не шақырушы тарап, не шақырылған адам растауы қажет болады. Аталмыш талап бұрындары тек шақырушы адамға ғана қатысты болатын.

Маман сөзінше жаңа заң бойынша бірнеше визасы бар инвесторлар үшін ҚР-да тұрақты тұру үшін жағдайлар кеңейтілген.

Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тарту немесе рұқсаттың күшін жою үшін қосымша негіздер әзірленді.

- қажетті кәсіптер тізбесі негізінде тұрақты тұруға рұқсат алған, бірақ бір жылда 183 күн ішінде мамандық бойынша жұмыс істемегендердің рұқсаты өз күшін жояды;

- көші-қон, салық және еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылғандардың тұрақты тұруға рұқсаттан бас тартатын немесе күшін жоятын мерзімі нақтыланды. Бұл мерзім «жыл ішінде» деп айқындалды.

- ел аумағында 183 күннен аз тұратын адамдарға тұрақты тұруға рұқсаттың күшін жою шарттары нақтыланды.

Іссапар, оқу, ауру және басқа да нақты себептер болса, шетелдікке тұрақты тұруға берілген рұқсат өз күшін жоймайды,- деп атап өтті ол.

Өзгелердің жаңалығы