Петропавл қаласындағы №50 түзеу мекемесінде жазасын өтеуші әйелдерге бейнетаксофон жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылдың 14 наурызында Құрылтайда берген тапсырмасын орындау аясында және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылды. Бастама, ең алдымен, кәмелетке толмаған балалары бар аналарға жағдай жасауды көздей отырып, қамаудағы азаматшалардың тұрмыс жағдайын ізгілендіруге бағытталған.
Жаңа жүйе арқылы сотталған әйелдер жақындарымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесе алады. Әрбіріне жеке ID-код берілген, байланыс тек жеке ісінде тіркелген телефон нөмірлеріне хабарласуға мүмкіндік береді. Туыстары Google Play арқылы «Soilephone» қосымшасын жүктеп алып, байланыс ақысын өздері төлей алады, - делінген СҚО прокуратурасының хабарламасында.
Бейнеқоңыраудан бөлек, аудио және бейнехабарлама, SMS алмасу қызметі қолжетімді. Барлық ақпарат қорғалған серверде сақталады, бұл дербес мәліметтердің сенімді қорғалуын қамтамасыз етеді.
Жүйені енгізу келесідей нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:
- сотталғандардың күйзеліс деңгейін төмендету;
- отбасылық байланыстарды сақтау және нығайту;
- заңға бағынуға ынталандыруды арттыру;
- әйелдердің бостандыққа шыққаннан кейінгі қоғамға бейімделуіне ықпал ету.
Жоба облыс прокуратурасының, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің және «Жас Тарлан» ЖШС-нің қатысуымен іске асырылуда.