Енді паркинг те паналау орны болады: Қазақстанда жаңа ереже күшіне енді

Қазақстанда төтенше жағдайларға дайындық күшейтілді. Жаңа стандарт бойынша жертөлелер, паркингтер мен жерасты нысандары паналау орындарына бейімделеді.

 pexels.com Бүгiн 2026, 16:03
Бүгiн 2026, 16:03
116
Фото: pexels.com

Қазақстанда төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғауға арналған жаңа стандарт бекітілді. Енді жертөлелер, жер асты паркингтері және басқа да тереңдетілген нысандар паналау орындары ретінде пайдаланылуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жаңа стандарт 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Құжат табиғи, техногендік және әскери сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде азаматтарды қорғау үшін жер асты кеңістіктерін бейімдеуге қойылатын талаптарды айқындайды.

Паналау орындарына бірыңғай талап енгізілді

Стандарт Төтенше жағдайлар министрлігінің өтінімі негізінде Ұлттық стандарттау жоспары аясында әзірленген. Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің мәліметінше, жаңашылдықтың басты мақсаты – қауіпсіздік деңгейін арттырып, төтенше жағдайларға дайындықты күшейту.

Ведомство өкілдері мұндай тәжірибе әлемде кеңінен қолданылатынын атап өтті. Көптеген елдерде халықты қорғау үшін жертөлелер, цокольдік қабаттар, жерасты өткелдері мен метрополитендер пайдаланылады. Енді Қазақстанда да мұндай нысандар азаматтық қорғаныс инфрақұрылымының бір бөлігіне айналады.

Жаңа стандарт бұрынғы нормативтік базадағы олқылықтарды жойып, паналау орындарын ұйымдастыруға бірыңғай тәсіл енгізеді. Құжат ғимараттарды тексеру және оларды қайта жабдықтау тәртібін де реттейді.

Инженерлік жүйелер мен қауіпсіздікке басымдық берілді

Стандартта ғимараттардың жоспарлануы мен конструкциялық элементтеріне қойылатын талаптар нақты көрсетілген. Әсіресе тіршілікті қамтамасыз ету жүйелеріне ерекше мән берілген. Атап айтқанда, желдету, сумен жабдықтау, электрмен қамту, санитарлық жағдай және байланыс жүйелері міндетті түрде қарастырылуы тиіс.

Сондай-ақ ғимараттардың техникалық жағдайын бағалау тәртібі белгіленген. Бұл – көтергіш конструкциялар мен инженерлік жүйелердің жай-күйін тексеруді қамтиды.

Қажет болған жағдайда нысандарды күшейту және қайта жабдықтау жұмыстары жүргізіледі. Стандартта типтік шешімдер мен паналау орындарының жарамдылығын бағалау кестесі де ұсынылған.

Аймақтық тәуекелдер ескерілді

Құжатты әзірлеу барысында бірқатар мемлекеттік органдар мен салалық ұйымдармен келісу жұмыстары жүргізілген. Талқылау кезінде өңірлердің климаттық, географиялық және сейсмикалық ерекшеліктерін ескеру бойынша ұсыныстар енгізілді.

Сонымен қатар, құжатта дрондардан қорғану шаралары мен халықтың паналау орындарына жедел қол жеткізуін қамтамасыз ететін автоматтандырылған жүйелерді енгізу қарастырылған.

Наверх