Мәжіліс педагогтердің мәртебесіне қатысты заң жобасын қарап жатыр. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сөзінше, заң үш блоктан тұрады. Аймағамбетов педагогтердің құқығын қорғауға қатысты норманы түсіндірді.
Ең бастысы – жауапкершілік мәселесі. Президент тамыз кеңесінде ұстаздар оқушылардың қауіпсіздігі үшін тек оқу-тәрбие процесі және лауазымдық міндеттерін орындау аясында ғана жауапты болуы керегін атап өтіп, осы мәселені заң аясында реттеуді тапсырған болатын. Бұл шын мәнінде үлкен мәселе, - деді ол.
Депутат былтыр елімізде резонанс тудырған бірнеше мәселені мысалға келтірді.
Оқушылар жазда, кешкі уақытта немесе демалыс күндері құқық бұзушылық жасаған немесе келеңсіз оқиғаларға тап болған. Ол кезде жандарында мұғалімдер болған жоқ. Олар демалыста, үйлерінде болды. Өйткені бұл каникул уақыты, кешкі уақыт және бұл жұмыс уақытынан тыс болған еді. Бірақ соған қарамастан мектеп директорлары мен мұғалімдері жазаланды. Тіпті жұмыстан шығаруға дейін барды.
Әрине бұл әділетсіздік. Біз енді заңға нақты норма енгіземіз. Педагог балалардың өмірі мен денсаулығы үшін тек оқу-тәрбие процесі кезінде және өзінің лауазымдық міндеттері аясында ғана жауапты болуы керек. Жазғы демалыс ата-ананың жауапкершілігі, түнгі уақыт ол да ата-ананың жауапкершілі, демалыс күндері де ата-ананың жауапкершілігі. Енді ешқандай екіұдай түсінік болмауы тиіс. Біз педагогтерді осылай қорғаймыз, - деп норманы түсіндірді Аймағамбетов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, енді Қазақстанда мұғалімдерге ұнайтын өзгеріс болады.