Енді мемлекеттік мекемелердің бюджеті қатаң бақылауда болады

15 Наурыз 2024, 16:49
591
Бөлісу:
Енді мемлекеттік мекемелердің бюджеті қатаң бақылауда болады
Фото: Арман Мухатов - архив

Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаржысын үнемдеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет бұл мәселені әрдайым басты назарда ұстауға тиіс. Қазір бюджеттің кірісі мен шығысы қайта қаралып жатыр. Қаржыны оңды-солды жұмсауға болмайды, бұл – ақиқат. Мемлекеттік мекемелердің бюджетін тексеріп отырмаса, шығыстары ұлғая береді. Мұны қатаң бақылауда ұстау керек. Тағы да қайталап айтамын. Қаражат ең қажет жобаларға, ең маңызды мәселелерді шешуге жұмсалуы қажет, - деп тапсырды Мемлекет басшысы.

Тоқаев елімізде соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән беріліп жатқанын қоса кетті.

Басты мақсат – елімізді аймақтағы ашық нарықтық экономикасы бар маңызды орталыққа айналдыру. Осы орайда ұлттық буржуазияға зор міндет жүктеледі. Мен ұлттық буржуазия туралы ой-тұжырымды осыдан 24 жыл бұрын Давос экономикалық форумында атап өттім. Бұл жерде ұлттық деген сөз кәсіпкердің ұлтына емес, оның азаматтық сана-сезіміне қатысты айтылып отыр. Яғни елімізге қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігін сезінетін және Қазақстанды дамытуға елеулі үлес қосатын ұлттық буржуазия керек, - деп айтты Тоқаев отырыста.

Өзгелердің жаңалығы