Енді ғылыми жобаларды қаржыландыратын конкурстар жыл сайын өткізіледі

1 Ақпан 2022, 10:55
1245
Бөлісу:
Енді ғылыми жобаларды қаржыландыратын конкурстар жыл сайын өткізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғылыми жобаларды қаржыландыратын конкурстар 3 жыл сайын емес, енді жыл сайын өткізілетінін айтты.       

Жас ғалымдардың зерттеулеріне 1 000 грант бөлу, 500 ғалымды жетекші шетелдік ғылыми орталықтарда тағылымдамаға жіберу ұйымдастырылады. Алғаш рет 2022 жылы жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарында постдокторантура енгізіледі, - деп айтты ол.

Айтуынша, егер бұрын ғалымдар жалақыны тек конкурстар арқылы ғана алатын болса, енді жетекші ғалымдар тұрақты жалақы алады. Бұл 85 ғылыми ұйымның 1 200-ге жуық жетекші ғалымдарының жағдайын жақсартады. 

Бұған қоса еліміз үшін аса маңызды фундаменталды зерттеулермен айналысатын тарих және этнология институты, тіл білімі институты, математика институты, ядролық физика институты, әдебиет және өнер институты, философия және т. б. Институттардың ғалымдары енді жалақыларын тұрақты режимде алып, үздіксіз жұмыс істейтін болады, - деп атап өтті министр Асхат Аймағамбетов.

Министр баяндағандай, мемлекеттің қолдауының арқасында ғылымды қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Ғылыми жобаларды қаржыландыруға арналған конкурстар 3 жылда бір рет емес, енді жыл сайын өткізіледі.

Ғылыми зерттеу институттарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары биыл да жалғасады. Ғылымды басқаруда мемлекеттік ғылыми институттардың аудиті, ғылыми зерттеу институттарының басшылық құрамын қарау, бизнес пен қоғамды тартып, байқау кеңестерін құру және басқа да шаралар жүргізілетін болады, - дейді Асха Аймағамбетов Үкіметте.

Өзгелердің жаңалығы