Қазақстанда негізгі туристік бағыттарға апаратын автожолдарды ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Билік ішкі туризмді дамытуға басымдық беріп, танымал табиғи және курорттық аймақтарға көлік қолжетімділігін жақсартуға күш салуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Басым бағыттардың бірі ретінде Шығыс Қазақстанға апаратын жол инфрақұрылымын дамыту белгіленді. Атап айтқанда, елордадан Рахман қайнары мен Қатонқарағай сияқты туристік нысандарға апаратын бағыттарға ерекше көңіл бөлінуде. Жолдарды жаңарту нәтижесінде жол жүру уақыты қысқарып, туристер үшін сапар жайлылығы артады деп күтілуде.
Негізгі жобалардың қатарында «Орталық – Батыс» және «Бейнеу – Сексеуіл» көлік дәліздерін дамыту да бар. Бұл бағыттар жаңа туристік маршруттарды ашып, бұрын жетуі қиын болған өңірлерге, соның ішінде Каспий теңізі жағалауына қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, туристік аймақтарға апаратын республикалық маңызы бар жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңарту Жаңаөзен – Кендірлі, Өскемен – Қатонқарағай, Көкшетау – Зеренді, Кеген – Қырғызстан шекарасы және Қалқаман – Баянауыл бағыттарын қамтиды.
Бұдан бөлек, өңірлерде туристік нысандарға апаратын кірме жолдарды жақсарту бойынша ондаған жоба іске асырылуда. Жалпы, 2026 жылы 33 өңірлік жоба жоспарланған.
Жол бойы сервисті дамытуға да ерекше назар аударылып отыр. Биыл шамамен 50 жаңа нысан салу жоспарлануда. Бұл саяхатшылар үшін қолайлылықты арттырып, трасса бойындағы шағын бизнестің дамуына серпін береді.
Сондай-ақ танымал бағыттардағы жүктемені азайтуға бағытталған шешімдер әзірленуде. Мәселен, Алакөл көлінде Қабанбай ауылы маңында ұзындығы 8 шақырымнан асатын айналма жол салу жоспарланып отыр.
Аталған жобаларды іске асыру жол сапасын жақсартып қана қоймай, ел ішіндегі туристік ағынды айтарлықтай арттырады деп күтілуде.
2025 жылы Қазақстанның курорттық аймақтарына 4,8 млн турист келген – бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,5%-ға көп. Оның ішінде 17,3%-ын шетелдік туристер құрады. Көш басында Алматы тау кластері (2,9 млн адам), одан кейін Щучинск-Бурабай және Маңғыстау аймақтары тұр. Жалпы орналастыру қызметтерінің көлемі 198,5 млрд теңгеге жетіп, 1856 нысанды қамтыды. Туристер санының өсуі көбіне жол инфрақұрылымының жақсаруымен байланысты: жаңа және жөнделген трассалар танымал бағыттарды қолжетімді етіп, сапарларды жеңілдетіп, ішкі және кірме туризмнің дамуына серпін берді.