Еңбектің көзін тапқан көпбалалы ана

Бүгiн, 07:49
236
Бөлісу:
Еңбектің көзін тапқан көпбалалы ана
Фото: автордан

Елімізде еңбек етіп, кәсіп бастаймын деген жанға мол мүмкіндік бар. Тіптен ол мүмкіндігі шектеулі жанға да, ауылды аймақта тұратын азамат болса да, көпбалалы ана болса да мемлекет шағын кәсіптің көзін тапқандарға қолдау көрсетіп келеді. Оған дәлел – бүгінгі біздің кезекті кейіпкеріміз, "Алтын алқа" иегері Мөлдір Тоқбергенова.

Ол Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Қаракемер ауылының тұрғыны. Мөлдір қанша үй шаруасы мен бала тәрбиесінің соңында жүрсе де, ізденіп, сұрастырып, талай жұмыстың басын шалып көрді. Бірақ, бертін келе, өз қалауын елеп-екшеп, өзінің қалаған ісіне тоқталып, бүгінде соны жетік меңгеріп қана қоймай, кәсіп етіп отырған көпбалалы ана, қара шаңырақта ата-ананы аялап отырған келін.

Аудан орталығы Аса ауылынан он шақырым жерде орналасқан Қаракемер ауылы шағын ғана елді мекен. Ауыл тұрғындары ынтымағы жарасқан, қайбір істе де бірлесе кететін ұйымшыл халық. Осы аядай ғана ауылда Тоқбергеновтер отбасы тұрады. Еркін мен Меруерт Тоқбергеновтер үш ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр.

Осы ауылға алғаш келін болып түскенде, Меруерт жолдасының шешімімен осы жерде қара шаңырақта қалды. Ата-ананы қарап, олардың тәрбиесін алып, бірінен кейін бірін балаларын дүниеге әкелді. Арасында отбасылық өмірімен қатар мамандығы бойынша Қаракемер ауылдық әкімдігінің аппаратына маман болып жұмысқа орналасты. Өзінің пысықтығы, алғырлығы әрі түскен шаңырақтың үлкен қолдауымен барлығына үлгеріп, жүрді. Кейін балалар өскеннен кейін қыз күнінен арман болған аспаздықты қолға алды. Бастапқыда Тараз қаласындағы дәмханалардың бірінде аспаз болып, еңбек жолын бастады. Ол жерден көп тәжірибе жинақтай келе, өзінің жеке кәсібін бастауды жөн көреді. Бұл ойын жолдасы Еркін бірден қолдай кетіп, екеуі бірлесе, бизнес жоспар құрады. Олардың мақсаттары халық асыға келетін, бір тағамды басты ас мәзірі етіп, дәмхана ашу болатын. Ерлі-зайыпты ұзақ ақылдаса келе, балық өнімдерін таңдап, "Балық" дәмханасын ашты. Бұл ретте көпбалалы ана ретінде арнайы жазған бизнес жобасын тиісті орынға ұсынып, қайтарымсыз грант жобасына қатысты. Идея бірден қолдау тауып, мемлекеттің берген қайтарымсыз грант жеңімпазы атанды. Осылайша, Аса ауылында орналасқан "Балық" дәмханасының ашылуына сеп болған ерлі-зайыпты бірлесе жұмысқа кірісті. Олардың басты қолдаушылары – ата-аналары. Бірақ отағасы өз мамандығы бойынша жұмысты тастамай, екеуін қатар алып жүрді. Ал шағын кәсіпкерліктегі барлық ішкі жұмыстарды Мөлдір өз мойнына алды.

Түрлі қажетімізге алған несие бар, балалар өсіп келеді. Қазіргі кез бір жалақының бетіне қарап отыратын кезең емес қой. Ұл-қыздың заманауи сұранысы да көп. Мен бұрын мемлекеттік қызметкер болғанмын. Әлеуметтік салаларда жұмыс жасағаннан кейін көп нәрсені көресің. Түрлі санаттағы жұмыссыздар, жастар, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзі бос отырмай, әр нәрсеге қызығушылық танытып, ешкіме алақан жаймай бір іспен шұғылданып жүр. Мемлекет қолы қимылдаған жанға қандай болса да қолдау көрсетіп жатыр. Ойлана келе мен де тәуекелге бел буып, мемлекеттік жұмысымнан шығып, кәсіп бастауды жөн көрдім. Ең алдымен аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөліміне бардым. Осылайша «Мансап орталығы» арқылы жаңа істі бастауды қолға алдым. Бір түсінгенім, көп нәрсе өзімізге байланысты екен. Адам миына шектеу қоймай, әр нәрсенің соңына түсіп, қызығушылық танытсақ, кез келген істен нәтиже көруге болады екен. Көпшілігі біреуге пара бермесең іс бітпейді деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі, «Мансап орталығы» мамандарына ризамын, алғысым шексіз. Өйткені, "Бастау-Бизнес" жобасы бойынша онлайн оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренеді. Менің таңдаған бағытым – қоғамдық тамақтану саласы. Алайда, онлайн сабақта барлық сала қамтылады. Бизнес жоспар құру, кіріс, шығыс есебі, нарық, яғни барлығын үйретеді. Компьютер арқылы қатысушының деңгейі бағаланады. Республикаға белгілі тренерлер сабақ береді. Бизнестің шыңына шыққан кәсіпкерлердің бейнероликтері көрсетіледі. Нәтижесінде жоғары балл жинап, курсты аяқтайды. Осыдан бар түйгенім, қандай істі бастамақ болсаң да оқу керек. Кәсіпкерлік – үлкен институт. Мен бір ай оқығанда көп нәрсені үйрендім. Оның өзі маған аздық етті. Әлі де оқып, іздене беруден, үйренуден жалықпаймын, – дейді кәсіпкер Мөлдір.

Шағын кәсіп иесі бүгінде дәмханада бірқатар ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылған. Күнделікті жұмыс істейтін тамақтану орнынан адам қарасы үзілмейді. Бастапқыда барлық тағамдарды өзі даярлайтын, қазір аспазшыларды да үйретіп, жұмысқа алған. Мұнда әсіресе, ауыл тұрғындары дәмі тіл үйіретін балықтан дәм татуға келеді. Одан бөлек те ас-тағамның түр-түрін әзірлейді. Әсіресе, шығыс тағамдарын дәмді етіп даярлауға тырысады. Оның үстіне дәмхана аудан орталығында орналасқандықтан ары-бері өтетін халық көп, жан-жақтан келетін жолаушылар көп. Аудандық әкімдік, халыққа қызмет көрсету орталығы, аурухана және аудандағы бірқатар мекемелердің қызметкерлері де осы жерден тамақтануға үйренді.

Қоғамдық тамақтану саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ас әзірлейтін, ішетін жердің барлығы мүлтіксіз таза болуы тиіс. Мен ең бірінші осы мәселеге мән беремін. Осында еңбек ететін барлық аспаз бен даяшыларға сол қатаң тәртіп пен талапты үйретемін. Екінші – бағаға назар аударамыз. Өйткені, ауыл тұрғындары үшін қызмет қолжетімді болуы тиіс. Бағаны қатты қымбат етіп, адам аз келгеннен, арзан болса да көп келгені дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан тағамдардың бағасы да қолайлы, яғни қымбат емес. Келушілердің көңілінен шығу үшін барымызды салып, ас әзірлейміз. Үнемі әлеуметтік желіден ізденіп отырамын. Кейбір тағамдардың дайындалу әдісін қағазға түртіп аламын. Болашақта тандыр нан пісіріп, сатуға шығарсам, дәмхананы кеңейтсем деген жоспарым бар. Әрине, бұның барлығы алдағы күннің еншісінде. Ол үшін тынбай еңбектену керек. Кейде осы кәсіпті сәл ертерек бастағанымда ғой деген ой келеді. Бірақ әр нәрсе өз уақытымен деп, өзімді сабырға шақырамын. Осы істі қолға алғанда түсінгенім, іс бастаймын деген адам өзінің мүмкіндігіне қарай әрекет ету керек. Кәсіпті шағын нәрседен бастаған жөн. Бірден үлкен істі бастаймын десең ұзаққа бармайсың. Жоспар құру оңай, оны жүзеге асыру қиын, – дейді дәмхана иесі.

Күнделікті сүйген ісін ерекше ынта-ықыласпен жасауға көпбалалы ананың ең бірінші қолдауы – ата-енесі. Бүгінде зейнет жасындағы қариялар келіні мен ұлы түзде кезде, балаларды қарап, киімдерін тиянақты етіп, қарындарын тойдырып қояды. Әрине ата-анасы күні жұмыста, үлкен қарияның тәрбиесі қайбір жақсы болсын деген ой келеді бірден. Бірақ балаларды көргенде, мұнтаздай таза киім, бірінінен-бірі жарысып, өнерлерін көрсетіп отырған ұл-қыздың тәрбиесінен ата-әженің үйреткен тағылымы мен ақылы айқын көрініп тұрды. Ұл да, қыз да сабақта оқу озаттары екендігін мақтана айтты. Болашақта анасы бастаған істі жалғап, кәсіпкер болуға ниеттісі де бар екен.

Мені қызынан артық көріп, барлық бастамама қолдау көрсетіп отырған жолдасыма, отбасыма алғысым шексіз. Бізде алдағы күнге сенімсіздік жоқ. Бастапқыда қандай қиындық болса да бастаймыз, аяқтан тұрамыз деп шештік. Бірден бола кеткен жоқ, әрине. Күндіз-түні үй бетін көрмей дәмханада жүрген кездер де болды. Бірақ барлығы уақытша, басылатынын жолдасым үнемі айтып отырды. Қазір, Аллаға шүкір, бәрі артта қалды. Енді бізде тек кәсібімізді кеңейту мақсаты тұр. Сұраныс бар да неге оны жасамасқа. Жұмыста жүрген де балаларымды мүлде алаңдамаймын. Өйткені, анам балаларды барынша қарап, маған қолғабыс етіп отырады. Мен осы отбасыға келін болып, осылай іс бастағаныма еш өкінген емеспін. Ең бірінші түсіністік екен ғой. Мемлекетке де айтар алғысым шексіз. Себебі, бизнесімді мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау арқылы бастадым. Енді оны одан әрі табысты жүргізуге талпыныс, еңбек, табандылықпен қатар, қазіргі интернет желісінің де мүмкіндіктерін мол пайдаланып отырмын. Алдағы уақытта жастарға, оның ішінде жұмыссыз азаматтарға өз білгенімді үйретіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмын, – дейді кәсіпкер келіншек.

Айта кетейік, өткен жылы ауданда 110 азаматқа қайтарымсыз грант берілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады. Ағымдағы жылдың толық жоспарын білу мақсатында аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қуат Ошақбайдан жыл жоспарын сұрадық.

Кәсіпкерлікті дамыту бағытында ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында аудан тұрғындарына және кәсіпкерлерге қаржы институттары мен екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен несиелер беру жұмыстары биыл да жүргізілетін болады. Ауданда бұл бағытта бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Нақтйлай кетсем, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз грант жобасы. Аудан бойынша бұл бағытта 2023 жылы 113 адамға 155 млн теңге, 2024 жылы 110 адамға 162 млн теңге берілген. Сонымен қатар "2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы" мемлекеттік бағдарламасының гранттық қаржыландыру бағыты. Аталған конкурсқа "Әлеуметтік кәсіпкерлік тізіміне" енген кәсіпкерлер және "Бір ауыл - Бір өнім" жобасының финалистері қатыса алады. Жеңімпазға 5 млн теңге қайтарымсыз грант беріледі. Бұл бағыт бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы тарапынан жұмыстар жүргізіледі. Енді ауыл тұрғындары үшін ең қолайлы баңдарлама "Ауыл аманаты" жобасының 5-ші бағыты бойынша «Өз кәсібін ашуға немесе дамытуға 2.5 пайыз сыйақы мөлшерлеме негізінде жеке кәсіпкерге 9.2 млн.теңге және мамандандырылған кооперативтер үшін 29.5 млн.теңге несие берілу жоспарлануда. Бұл жұмыстар алдағы бір ай көлемінде басталады. Ал ең соңғысы "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" арқылы берілентін жеңілдетілген несиелер. Жалпы аудан тұрғындарына айтарым, кез келген сауал немесе бастамаларыңыз болса, біз жауап беруге және қолдауға әзірміз. Келіңіздер, сіздерге ақпараттандыру арқылы кеңестерді және кәсіпке бастайтын барлық мүмкіндіктерді көрсету біздің басты мақсатымыз болмақ, – деп сөзін түйіндеді жауапты маман.

Ал біздің басты кейіпкеріміз Мөлдір Тоқбергенова өз шағын кәсібін кеңейту жоспарларын әзірлеуде. Оның өз мақсатына жететініне сенімі зор. Өйткені батыл қадам арқылы әрекет ете отырып, жақындарының қолдауы болашаққа үлкен жол ашатынына бұған дейін де оның көзі жеткен.

Өзгелердің жаңалығы