Еңбек етіп, жұмыс істеген адамға ауылда мүмкіндік мол – сауыншы

Бүгiн, 09:10
203
Бөлісу:
Еңбек етіп, жұмыс істеген адамға ауылда мүмкіндік мол – сауыншы
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген қарапайым еңбек адамдары көп. Біз осы орайда астықты өлке – Мәртөк ауданының тұрғындарымен тілдескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тракторшы Сәтжан

Мәртөк ауданының тұрғыны Сәтжан Кулушевтың «Айс» ЖШС сүт-тауарлы фермасында тракторшы болып жұмыс істегеніне биыл 14 жыл болған. Ол сәуір айынан қараша айына дейін егістіктің басында жүріп жүгері егеді, оны жинайды, жаз айларында бригадасымен шөп шабады. Өз ісіне берілген еңбекқор азамат қашан да бейнеттен қашпайтынын айтады.

Мен Мәртөк ауданының Құмсай ауылында тұрамын. Ауылымыз ферма орналасқан аумақтан 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Күн сайын жеке көлігіммен жұмысқа қатынаймын. Қазір жер өңдеу жұмыстарын аяқтап қалдық. Жаздай шөп шауып, тынымсыз еңбек еттік. Бүгінде фермада 15 шақты тракторшы бар. Барлығымыз жаз айларында таңертең бір мезгілде жұмысқа шығып, кешке дейін шөп шабамыз, жүгері жинаймыз. Биыл ауданымызда астық бітік шықты, шөптің де мол қоры жасақталды. Серіктестікте жағдайымыз жақсы, ай сайын жалақымызды уақытымен аламыз. Жылдың төрт мезгілінде де жұмыс тауып береді, бос отырмаймыз. Қыс айларында техникаларға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көктемгі егіске дайындаймыз. Жалпы, жұмыссыз қалған күніміз болған жоқ, - дейді ол.

Кейіпкеріміз фермадағы механизаторлар 200-250 мың теңге жалақы алатынын, мұнда бірнеше бригада жұмыс істейтінін, барлығы жергілікті тұрғындар екенін жеткізді. Оның айтуынша, биыл тракторшылар үш кезеңде жоңышқа шауып, тынымсыз жұмыс істеген.

Негізгі мамандығым — механизатор. Бұған дейін аудандағы «Казанка», «Құмсай» шаруашылықтарында біраз жыл жұмыс істедім. Бұл жерде басқаларға қарағанда жалақы жоғары, жұмысымыз тұрақты. Сондықтан қандай қиындық болса да, бейнетіне шыдап, еңбек етіп келеміз. Жалпы, еңбек еткен адам далада қалмайды. Қазақта: «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей» деген мақал бар. Міне, сол сияқты еңбек еткен адам қашан да бейнетінің зейнетін көреді. Қазір отбасында келіншегім екеуміз үш бала тәрбиелеп отырмыз. Сол балаларыма үнемі осы мақалды айтып отырамын. Өкінішке қарай, қазіргі жастар қара жұмыс істегісі келмейді, сондықтан біз, әрбір ата-ана, отбасында баласына тағылымды тәрбие беріп, оларды жастайынан еңбекке араластыруымыз керек, - дейді Сәтжан Кулушев.

Кейіпкеріміз бүгінде 50 шақты түтіні бар шағын ғана ауылда тұрады. Мұнда бастауыш мектеп пен шағын балабақша жұмыс істейді. Құмсай ауылы Мәртөк ауданының орталығына жақын орналасқандықтан, мұнда газ да, ауызсу да, интернет те бар.

Ауылымызда ешқандай проблема жоқ. Қазір өзім фермада жұмыс істесем, келіншегім үй шаруасында. Ауламызда азын-аулақ қой, сиырымыз бар, - дейді тракторшы.

Айта кету керек, Сәтжан Кулушев жұмыс істейтін «Айс» ЖШС сүт-тауарлы фермасында жылына 12 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Кәсіпорында 75 адам еңбек етеді. Мұнда ірі қараны саууды бақылайтын, өнімді есепке алатын арнайы автоматтандырылған жүйе жұмыс істейді. Бүгінде серіктестік суармалы жерлер есебінен жемшөппен толық қамтамасыз етілген. Ферманың аумағында жылына 46,3 мың тонна өнім өндіретін сүт өңдеу зауыты орналасқан. Аталған зауыт «Бизнестің жол картасы — 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында мемлекеттік қолдауға ие болып отыр.

Сауыншының еңбегі

Мәртөк ауылының тұрғыны Анастасия Ефемещева 8 жылдан бері «Әлішер» шаруа қожалығында сауыншы болып жұмыс істейді. Онға жуық жұмысшысы бар шаруашылық бүгінде ірі қара, қой-ешкі, жылқы өсіреді, шөп шауып, егін егеді.

Шаруашылық ашылғаннан бері осы жерде сауыншы болып жұмыс істеп келемін. Өзім Мәртөк ауылында туып-өстім. Қазір анам, туыстарым осы жерде тұрады. Бұған дейін вахталық әдіспен жұмыс істеген едім. Кейін осы жұмысқа ауыстым. Негізгі мамандығым — аспаз-кондитер. Аудандағы Мәртөк көпсалалы колледжін оқып, тәмамдаған болатынмын. Өзімнің мамандығым бойынша 6 жыл үздіксіз жұмыс істедім. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Жаз айларында шаруашылықта күніне екі рет сиыр, жылқы сауамын. Қазір қыс айында тек таңертең ғана барамын. Мұнда күн суытқан соң сауын сиырлардың саны азаяды. Бүгінде отыз шақты сиыр ғана сауамыз. Қожалықта барлық жабдықтар автоматтандырылған, сондықтан сиыр саууда ешқандай қиындық жоқ. Тек уақытымен барып, жұмысыңды ұқыпты әрі жауапкершілікпен істесең болғаны, - дейді ол.

Анастасияның жастайынан еңбекке араласқаны көрініп тұр. Пысық әрі алғыр келіншек отбасын өзі асырап отыр. Бүгінде ол отбасында үш бала тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Данила Отан алдындағы борышын өтеп жүрсе, қызы Дария 9-сыныпта оқиды, ал кенже ұлы Егор 5-сыныпта оқиды.

Біз көп жылдан бері көп қабатты үйде тұрамыз. Мал ұстамаймыз. Мәртөк ауылы аудан орталығы болғандықтан, мұнда көп қабатты үйлер жетерлік. Ауылымызда мектеп, балабақша, клуб, кітапхана, аурухана — бәрі бар. Шаруашылық басшысы жұмысшыларға ет, сүт өнімдерін беріп, көмектесіп тұрады. Сондықтан жалақымыз аздау болғанымен, тапқанымыз қажетімізге жетеді. Ауылымыз жылдан-жылға көркейіп келеді, ешқандай мәселе жоқ. Жалпы, еңбек етіп, жұмыс істеген адамға ауылда мүмкіндік мол, - дейді Анастасия.

Айта кету керек, қазір ауылдарда сауыншының жұмысы бұрынғымен салыстырғанда біршама жеңілдеген. Себебі жағдайы бар шаруашылықтар сиыр сауу, малға шөп салу, оларды суару сияқты жұмыстарды автоматтандырылған құрылғылармен атқарады. Сондықтан үлкен шаруашылықтарға бір-екі сауыншы жеткілікті. Тек өкініштісі, елді мекендерде тұратын қыз-келіншектер қазір сиыр сауудан қашады. Тіпті, ауласында тұрған сиырды саумайтындар бар. Олар ішетін сүт, айранды дүкеннен сатып алады.

Қашан да еңбектен қашпайтын Анастасия — бүгінде көп адамға үлгі болып отырған аяулы жан. Өз жұмысын тиянақты атқаратын сауыншыны шаруашылықтағы әріптестері ерекше сыйлап, құрметтейді.

Өзгелердің жаңалығы