Шымкентте өздері еңбек демалысында болса да көмекшілері атқарушылық іс жүргізген 12 жеке сот орындаушысы мемлекеттік лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шымкент қаласының прокуратурасы тексеру нәтижесінде жеке сот орындаушыларының (ЖСО) борышкерлердің Қазақстан Республикасынан шығуына бұрын қойылған шектеулерді заңсыз алып тастау және атқарушылық іс жүргізуді заңсыз қозғау фактілерін (ЖСО еңбек демалысында болған кездерінде олардың көмекшілері атқарушылық іс жүргізуді қозғаған) анықтаған.
Қазақстан Республикасы әділет министрінің атына заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсынысын енгізген.
Ұсынуды қарау нәтижесінде 85 ЖСО тәртіптік жауаптылыққа тартылып, сонымен қатар жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына берілген мемлекеттік лицензияларынан айыру туралы сотқа талап қою енгізілді, - деп хабарлады Шымкент қаласы прокуратурасы.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің талап қоюы қанағаттандырылып, 12 ЖСО лицензиядан айырылды (сот актісі күшіне енді).
Прокуратура органдары атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды тұрақты негізде жүзеге асырады және бұзушылық фактілері анықталған жағдайда оларды жою және кінәлі тұлғаларды жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылдайды.