Еңбек бағдарламасы: Қарағанды облысында 42 мың адамға көмек көрсетіледі

31 Тамыз 2020, 16:01
2635
Бөлісу:
Еңбек бағдарламасы: Қарағанды облысында 42 мың адамға көмек көрсетіледі

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды өңірінде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Бағдарламаны іске асыру үшін 9,1 млрд теңге көлеміндегі қаржы бөлінген.

Жыл басынан бері бүгінгі таңға дейін облыстың 23 мыңнан астам тұрғыны аталған бағдарламаның игілігін көруде. Ал жыл соңына дейін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 43 мыңға тарта адамға көмек көрсетіледі деп жоспарлануда. Бағдарламаға қатысушылар қысқа мерзімде техникалық және кәсіптік біліммен қамтылып, бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасуда. Ал кәсіпкерлік негіздерін оқыған азаматтар мемлекеттен жеңілдетілген микрокредит алып, өз істерін бастап жатыр. Сондай-ақ, жаңа бизнес идеяларға 550 мың теңге көлеміндегі гранттар үлестірілуде.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында азаматтар кәсіптік білім алып, жұмыссыздық мәселесін шешуде. Жыл басынан бері еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімдік оқытуға 546 адам жіберілді. Қысқа мерзімдік оқу барысында азаматтарға шәкіртақы төленіп, жол жүру ақысы үшін материалдық көмек көрсетіледі және медициналық тексерістен өткізіледі. Білім беру еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жүзеге асырылады. Еңбек нарығының талаптарын ескере келе техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға 1 қыркүйектен бастап 700 адам жіберіледі. Жалпы «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2020 жылға 9,1 млрд теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 43 мыңға тарта адам бағдарламаның қатысушысы болады деп жоспарлануда, - дейді Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға 498 шағын несие берілген. Оның ішінде 72 шағын несие қайтарылатын қаражат есебінен. Қыркүйек айына дейін бос жұмыс орындарына 14 мыңнан астам тұрғын жұмысқа орналастырылып, 700-ге тарта азамат әлеуметтік жұмыс орындарына еңбекке араласқан. Жастар тәжірибесіне 1000-ға тарта жас жіберіліп, қоғамдық жұмыстарға 6000-ға тарта адам тартылған. Дағдарысқа қарсы шаралар аясында «Еңбек» бағдарламасын іске асыруға 4348 адамды қамту үшін қосымша 1,5 млрд теңге бөлінген.

Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша «Бастау Бизнес» жобасы арқылы азаматтар кәсіпкерлік негіздерін оқып, шағын несие алу сұрақтары бойынша білім алады. Биылғы жылы кәсіпкерлік негіздеріне оқуға 2409 адам жіберілді. Пандемия жағдайында аталған бағдарлама бойынша оқу онлайн режимде жүзеге асырылуда. Курс аяқталғаннан кейін білім алушылар несиеге өтініш беруіне немесе мемлекеттік грант тағайындау конкурсына қатыса алады. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға 584 грант бөлінген. Грант бизнестің нарықтағы сұранысқа ие салаларына сауда-саттық, қызмет көрсету, өнімді өңдеу, транспорттық қызмет және денсаулық сақтау салалары беріледі, - дейді басқарма басшысы Әсем Жүніспекова.

Жаңа бизнес идеяларды қолдау мақсатында мемлекет есебінен берілетін гранттың мөлшері 550 мың теңге. Бұл қаржыны жеке кәсіпкерлер конкурсқа қатысу арқылы ала алады, ол бір рет беріледі.

Сонымен қатар, аталған бағдарлама аясында кәсіпкерлер 18 млн теңгеге дейін шағын несие ала алады. Несиелендірудің мерзімі 5 жыл. Бұл несиелер мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы салаларына беріледі. Жылдық сыйақы мөлшері 6 пайызға дейін. Ал көпбалалы және аз қамтылған отбасының мүшелеріне 4 пайыз, - деді Жүніспекова.

Сондай-ақ, сәуір айынан бері төтенше жағдайдан зардап шеккен жеке кәсіпкерлерге арналған жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы іске қосылған. Бағдарламаны іске асыру үшін республика бойынша 600 млрд теңге бөлінген. Кәсіпкерлер осы бағдарлама бойынша 6 пайыздық үстемемен жеңілдетілген несие ала алады. Бағдарлама аясында жұмыс тәжірибесі жоқ түлектерге арналып жастар іс-тәжірибесі ұйымдастырылады. Іс-тәжірибе кезінде оларға еңбекақы төленеді.

Өзгелердің жаңалығы