«Еңбек» бағдарламасы өскемендіктерді қолдау қаражатымен қамтамасыз етуде

18 Шілде 2021, 11:34
3586
Бөлісу:
«Еңбек» бағдарламасы өскемендіктерді қолдау қаражатымен қамтамасыз етуде
PHOTO
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында тасын өрге дөңгелентіп жатқан кәсіпкерлер арамызда аз емес. Бүгінде бұл бағытта жұмыс қарқынын арттырған Өскемен қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығы шаһар тұрғындарын қолдау қаражатымен қамтамасыз етуде.

 

Барлық ақпарат қолжетімді

Өскемен қаласы әкімдігіне қарасты Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Сұңғат Омаровтың айтуынша, мекеме қызметкерлері бизнес идеяларын іске асыруды қалайтын қала тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді.

Өскемен қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығы «Нәтижeлi жұмыcпeн қaмту жәнe жaппaй кәciпкeрлiктi дaмытудың 2017-2021 жылдaрғa aрнaлғaн «Eңбeк» мeмлeкeттiк бaғдaрлaмacы бойынша әлеуетті қатысушыларды тартумен айналысады. Биылғы жылы бағдарламаның екінші бағыты бойынша бизнес-идеяларын іске асырғысы келетін адамдарды тарту мақсатында Самсоновка, Новотроицк және 28-ші тұрғын ауданның тұрғындарымен, сондай-ақ жоғары және орта-арнайы білім ордаларының түлектерімен кездесулер өткізіліп, түсіндіру-насихат жұмыстары жүргізілді, – дейді Сұңғат Омаров.

Бұдан бөлек, «Даму» қорының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры өкілдерінің қатысуымен көпбалалы аналар арасында грант және жеңілдетілген несие алу мәселелері де қарастырылған. Бүгінгі күні гранттар мен неиселерді беру талаптары және «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өту мүмкіндіктері Инстаграм әлеуметтік желісіндегі instagram/czn.oskemen, instagram/vakansiya_ukg парақшаларында, орталықтың, сонымен қатар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің ресми сайтында орналастырылған.

Қолдау қаражатының екі түрі бар

Сұңғат Омаровтың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасы аясында берілетін несиелер мен шағын несиелер ісін жаңадан бастаған немесе жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге мақсатты қолданып, қаражаттың мемлекетке қайтарылуы қағидаларын сақтай отырып табысталатын көрінеді. Қазіргі уақытта аталмыш несиелер бес жылға дейінгі мерзімге алты пайыздық жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 6,5 мың айлық есептік көрсеткіш, ал көпбалалы отбасыларға 8 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде беріледі. Бизнесін жаңадан бастағандар алдымен кәсіпкерлік негіздерін меңгеру курстарына жіберілсе, бүгінде ісі алға басқан кәсіпкерлер жеңілдетілген несиені мұндай курстардан өтпей-ақ ала алады.

Бағдарлама қатысушыларына несие алу үшін жұмыспен қамту орталығының жолдамасы болуы міндетті. Егер жоба бұған дейін жұмыс істеп тұрған болса, ал қаражат алу кәсіпті одан әрі дамыту мақсатын көздесе мұндай жолдама алудың қажеті жоқ. Өскемен қаласы бойынша былтыр 62 адам жалпы сомасы 702,6 млн. теңгені құрайтын қаражатқа жолдама алған. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының ақпаратына сүйенсек, өткен жылы жалпы сомасы 517,1 млн. теңгені құрайтын 53 жобаға жеңілдетілген несие берілген, – дейді Сұңғат Омаров.

«Еңбек» бағдарламасының тұрғындарға беретін тағы бір мүмкіндігі – жаңашыл бизнес-идеяларға гранттар беру болып табылады. Жұмыспен қамту орталығы өкілінің айтуынша, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі аталмыш мемлекеттік гранттар бизнес бастағысы келетін азаматтарға қайтарымсыз тұрғыда беріледі екен.

Мұндай гранттарды жұмыссыздар және «Бастау Бизнес» жобасы бойынша курстарды тәмамдаған немесе бағдарламаның екінші бағыты бойынша бейінді мамандығына сәйкес қысқа мерзімді курстардан өткендер ала алады. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек алатын азқамтылған және көпбалалы отбасылардың, жұмыс күші басым өңірлерден келгендер мен қандастар санатындағы азаматтарға аталған курстардан өту талап етілмейді. Ал кәсіпкер ретінде грант алуды мақсат еткен азаматтар үшін олардың жеке кәсіпкер ретіндегі мемлекеттік тіркеуі бір жылдан кем болуы қажет, – дейді Сұңғат Омаров.

Мемлекеттік грант қаражаты құрылғылар, жұмыс құралдарын, технологиялық құрылғыларды, мал, құс, көшет, бұта, тұқым сатып алуға, сондай-ақ, бизнес жобаны жүзеге асыру үшін қолданылатын үй-жайдың жал ақысын төлеуге жұмсалады. Сонымен қатар, аталмыш қолдау түрі бір рет қана көрсетіледі. Жауапты тұлғаның хабарлауынша, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін өткен жылы жалпы сомасы 43,9 млн. теңгені құрайтын грант қаражаты 79 жобаға берілген екен. 

Қоғамға қажет кәсіп

Бүгінде арамызда конкурсқа қатысып, мемлекеттік грант қаражатына қол жеткізген өскемендіктер қатары аз емес. Солардың бірі өз жобасының жаңашыл әрі қоғам қажеттілігі үшін маңызы бар екенін дәлелдеген Серік Серғазин. Көпбалалы әке болып келетін ол «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, өз жобасын сәтті қорғап шыққан.

Отбасымыз көпбалалы, бес балам бар. Төртеуі қыз, ең кенжесі ұл. Қазіргі уақытта екі үлкен қызымның бірі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде дефектолог мамандығын алып жатса, екіншісі педагогикалық колледжде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын гранттық негізде оқып жатыр. Тағы бір мақтана кетерлік жайым - үшінші қызым спорттық акробатика бойынша еліміздің спорт шебері. Төртінші кызым балабақшада, ал ұлыма алты ай толды, – дейді Серік Серғазин.

Отбасының жағдайын жақсарту мақсатында осындай жолды таңдаған ол, өткен жылдың жаз маусымында Жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау бизнес» жобасына қатысқан. Бір ай мөлшерінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлік негіздеріне баулитын курсын оқып, сертификат алған. Келесі кезекте, бизнес жобасын құрып, мемлекеттік грант беретін комиссия алдында оны сәтті қорғап шыққан.

Жобамның қажеттілігін арнайы комиссия қолдап, оң шешім қабылдады. Менің жобам жылу құбырларын қысымға тексерумен, жүйені қалпына келтіріп, жұмысқа қосумен байланысты болды. Бүгінгі күні кез-келген үй тек қысымға тексеруден өткен соң ғана жылуға қосылатыны белгілі. Бұл жерде менің айтып отырғаным тек көпқабатты үйлер ғана емес, сонымен қатар «ақылды пештер» орнатылған жеке тұрғынүйлерде де осындай қажеттілік бар. Сол себепті, менің қызметіме деген қажеттілік жеткілікті, – дейді ол.

Бөлінген 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі қаражатқа электрлі және қарапайым қысымға тексеретін аппараттар мен газ кілттерінің жиынтығын сатып алған ол бүгінде өз ісін алға бастырды.

Жұмыссыз жастарға қомақты қолдау

Ал Өскеменнің Жібек маталар комбинаты тұрғын ауданында «Kids Dance» би студиясын ашқан Жанна Чепрасова бизнесінің жақсы бастама алуына мемлекеттік гранттың тигізген септігінің мол екенін айтады.

«Еңбек» бағдарламасы өскемендіктерді қолдау қаражатымен қамтамасыз етуде

Бағдарлама жайында көпбалалы ана болып келетін көршімнен естідім. Мен дәл сол кезде декреттік демалысқа шығып, жұмыссыз отырған болатынмын. Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз жастар қатарында тіркеліп, «Еңбек» бағдарламасы бойынша оқыту курсынан өттім. Осылайша, 2020 жылдың тамыз айында өзімнің бизнес жобамды сәтті қорғап, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі грантқа қол жеткіздім, - дейді Жанна Чепрасова.
«Еңбек» бағдарламасы өскемендіктерді қолдау қаражатымен қамтамасыз етуде

Жарты миллион теңгеден асатын грант қаражаты кәссіпкер азаматшаның барлық шығындарын жаппаса да, би студиясының киіну бөлмесіне жиһаз алуға, сабақ өтетін залға төсейтін тотами-кілемшелер мен басқа да құрылғылар алуға мүмкіндік берген. Жазғы уақытта 60, ал күзге қарай 120 баланы биге машықтайтын Жаннаның шәкірттері бүгінде халықаралық би жарыстарынан қомақты жүлдемен оралып жатқан жайы да бар. Бұдан бөлек, студия жұмыстарын алып жүруге қосымша педагог-хароеграфтар алған ол тағы үш адамның нәпақа табуына қолғабыс еткен.

«Еңбек» бағдарламасы өскемендіктерді қолдау қаражатымен қамтамасыз етуде

Шәкірттеріміздің жетістіктері де жаман емес. Ата-аналарымыз да дән риза. Бизнесті осымен ғана шектемей, алдағы уақытта кеңейте түсу ойымда бар. Алдағы қыркүйек айында дәл осындай би студиясын қаланың Согра тұрғын ауданында ашпақпын. Содан кейін, Ахмер және Меновное ауылдарында да ашуды жоспарлап отырмын. Төрт жастан бастап балаларды биге үйірмелеріне қабылдап, акробатика, гимнастика және балалар биіне машықтаймыз. Ал ересектеу балаларды заманауи-классикалық билерді билеуге үйретеміз, – деп қосты Жанна Чепрасова.
«Еңбек» бағдарламасы өскемендіктерді қолдау қаражатымен қамтамасыз етуде

Осылайша, гранттық қаражаттың қолдауын көрген бизнес-ханым, алдағы уақытта «Еңбек» бағдарламасының жеңілдетілген несиелеу бағыттарын да өз кәсібінде қолданып көруді ойластырып отыр.

Өзгелердің жаңалығы