Еңбегіміздің жанғаны – ең үлкен бақыт: Балаева мемлекеттік наградаларды тапсырды

23 Қазан 2024, 13:11
350
Бөлісу:
Еңбегіміздің жанғаны – ең үлкен бақыт: Балаева мемлекеттік наградаларды тапсырды
Фото: автордан

Республика күні қарсаңында ҚР Президентінің 2024 жылғы 6 қазанындағы нөмірі 676-жарлығымен бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Наградталғандар ішінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқандар мен қоғамдық қызметті белсенді атқарғандар бар.

Өмірге келгеннен кейін ең бастысы – отбасылы болу, білім алу, әр салада қызмет ету. Менің ойымша, сол еңбегіміздің жанғаны – ең үлкен бақыт. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіздің артында тек өздеріңіз емес, тілеулеріңізді тілеп отырған отбасыларыңыз, сіздерге күнделікті қолдау көрсетіп, қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген ұжымдарыңыз тұр. Сондықтан алатын наградаларыңызбен шын жүректен құттықтаймын, – деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Еңбегіміздің жанғаны – ең үлкен бақыт: Балаева мемлекеттік наградаларды тапсырды

"Қазақстан" орталық концерт залының ғимаратында өткен салтанатты рәсімде алғашқы болып “Қазақстанның Халық әртісі” атағымен Майра Ілиясова марапатталды.

Кейбірде “Атақтың не керегі бар?” деп айтып жатады. Мен оған келіспеймін. Жас кезде “Жастар” сыйлығын, орта жасқа келгенде “Еңбек сіңірген әртіс”, біраз жасқа келгенде еңбегіңді бағалап, “Халық әртісі” атағы халық жақсы көретін әншілерге беріліп жатады. Бұл – 50-ден асқан, ақыл тоқтатақан, еңбегі сіңген адамдарға берілетін атақ. Өте қуаныштымын. Бұрынғыдан да құлшынып жұмыс істеймін, – деді әнші.

Айта кетейік, марапаттар арасында “Қазақстанның халық әртісі” атағынан басқа “Парасат”, II дәрежелі “Достық”, “Құрмет” ордендері, “Еңбек ардагері”, “Мәдениет саласының үздігі”, “Ақпарат саласының үздігі” төсбелгілері сияқты наградалар болды.

Өзгелердің жаңалығы