Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойды. Ауыл-аймақтарда адал еңбек, маңдай терімен ел қошеметіне бөленген жанның бірі – жамбылдық Сәтбек Дүйсенбаевпен BAQ.KZ тілшісі әңгіме өрбітті.
Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойды. Бастама жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді. Сол еңбек адамдарын таныта отырып, жастарды еңбексүйгіштікке баулып, елімізде техникалық және кәсіби білімге басымдық беріліп отыр. Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!» деген еді.
Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз адамдардың дәрежесін арттырып, өскелең ұрпақты еңбекке баулимыз. Өзінің табысын адал еңбек, маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адам – еңбек адамы. Мұндай жандар әрқашан сыйлы, өзгеге өнеге бола алады. Осындай жандардың бірі – Қарасу ауылдық округінің тұрғыны Сәтбек Дүйсенбаев. Ол қырық алты жыл Ащыбұлақ ауылында механизатор болды. Аядай ғана ауылда барлық шаруаның тірлігін тиянақты етіп отырған маман техниканың тілін жетік меңгеріп алған.
Мектеп бітірген уақытта ағам әскерге аттанып, отбасымдағы барлық шаруа маған жүктелді. Содан бастап үй шаруасына жауапты адам ретінде қалыптасып, көп ұзамай техника тізгіндеп те үйрендім. Кеңшарда мал шаруашылығымен айналысатындықтан, жұмысымыздың басым көпшілігі соған байланысты болды. Жастайымыздан жаз болса Мойынқұмға барып шөп орып, соны таситынбыз. Солай жан-жақты ізденіп жүріп, саланың қыр-сырын меңгере бастадым. Әрбір өткен жыл мен үшін тәжірибе алаңына айналды. Жұмыс бабының да өз қызығымен қатар қиындықтары да көп болады. Техника тілін меңгеру оңай шаруа емес. Оған үлкен төзім мен жауапкершілік қажет. Техника темір десек те, оның да жай-күйін реттеп, көңіл бөліп тұру аса маңызды. Сондықтан да осы тракторды айдап келе жатқаныма қырық алты жыл болды. Алғашқы еңбек жолым осы ауылда басталды. Пионер ауылы деп аталған ауылда, өзімнің туған жерімде алғашқы еңбек жолым басталды. Ол кезде нағыз жанып тұрған жастық шағым десем де болады. Маған бұл жұмыс еш қиындыққа соққан жоқ. Өйткені бала күнімізде күн ұзақ әкеміздің жанында техника жөндеп, көлікке отырып бастадық. Бірден жұмысты алып кеттім десем де болады. Ол кезде «Пионер» савхозы нағыз еңбек қызып тұрған шақ еді. Дала еңбеккерлері тәуліктеп жұмыс істеп, ала жаздай шабындық, алқаптағы егінжай мен айналыстық. Көктем-күз айларында егін егу, ал қыс кезіне шөп тасу, кұмдағы төрт-түліктің қамымен жүретінбіз. Осы техникада бүкіл қызығым мен қиындықтарым өтті десе де болады. Жұмыс кезінде жұмыс орнымды ауыстыру, басқа жерге кету деген ой мүлдем келмепті. Сондықтан да еңбек кітапшамда бір ғана жұмыс орны тұр екен, – деді.
Тракторшы-механизатор мамандығы – жұмысшы мамандықтардың бірі және қай кезеңде болмасын сұранысты жоғалтқан емес. Сатбек Дүйсенбаев та ауылдағы барлық жұмыстың басы-қасынан табылады. Ешкімнің көңілін қалдырған емес. Ауыл азаматтарының барлық өтінішін жерге тастамай, өз ісін тиянақты атқарып береді. Сондықтан да ауылда сыйлы азамат бүгінде Ащыбұлақтағы ең үлгілі отбасылардың бірі болған. Ұл-қыздары әке тәрбиесін, ана мейрімін көріп, бүгінде білім алып, қызы қияға, ұлы ұяға қонған. Жары Әлия Райқұлова екеуі 2 ұл, 1 қыз өсіріп, тәрбие берді. Бүгінде балалардан тараған бес немересіне ата-әжесі адалдықты, еңбекті үнемі насихаттап отырады.
Отағасы қара шаңырақта қалды. Қалаға көшу, басқа да ойымызда болмады. Сондықтан ауылда ата-анамызға қызмет еттік. Бұл таңдауға ешқашан өкінген емеспіз. Үлкендердің тәрбиесін алу деген бір ғанибет. Оларды батасы өміріңе азық, дұрыс бағдары деп білемін. Солардың ақ батасы деп білемін. Сол көк тарктордың арқасында ұлымыз бен қызымызды да оқыттық. Үй-жай еттік. Бүгінде барлығы өмірде өз жолдарын, орындарын тапқан. Жолдасым екеуміз балаларға ең бірінші адалдықты бойына сіңірдік. Өзім де осы ауылдағы орта мектепте зейнет жасына дейін ұстаздық еттім. Қазір екеуміз де зейнеттік демалыстамыз. Бірақ Сәтбек ағаларың бір дамыл таппай, техникасымен әлі де айналысып жүр. Әрине, мен бұл таңдауын құптаймын. Мүмкіндік барда елге қызмет етуге, елдің ақ батасын алудан артық бақыт бар ма?! – дейді Әлия Райқұлова.
Мехинизатор мамандығы қай кезде болмасын үлкен сұранысқа ие. Табысы да аз емес. Жалпы техниканың тілін меңгерген адамға жұмыс та, одан көретін табыс та баршылық дейді еңбек адамы. Жастайынан техника тілін білген майталман механик еңбегімен ер атанып, кеңшардың дамуына және ауылдың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді. Ол өзінің еселі еңбегінің арқасында Кеңес Одағы тұсында өз саласы бойынша түрлі жарыстарға қатысып, алыс-жақын шетелдерді аралаған. Осындай жетістігі мол ауыл азаматы биыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы қара жұмыспен табыс тауып жүргендерге үлкен қолдау болатындығын айтады. Осылайша, жұмысшы мамандықтарға қоғамның құрметі артады және маман тапшылығы мәселесін жоймақ екенін жеткізді.
Жұмыс істейтін адам үшін табысқа жетудің кілті – сүйікті ісімен айналысу. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Ауылда да жұмыс көп. Демалуға және ештеңе жасамауға уақыт жоқ. Қыста да, жазда да тіршілік. Осы сәтті пайдалана отырып, мен жастарды еңбектен қашпауға шақырамын. Мамандық меңгеріңіздер. Біздің елімізге көптеген есепшілер, заңгерлер қажет емес. Біздің елге техика тілін меңгерген жастар қажет. Қазір ауылда бір тракторың болса, сіз ең қажетті адамсыз. Бұл мезгілдік жұмыс емес. Жыл он екі ай еңбек етсеңіз, нәпақаңызды тауып, отбасыңызды асырауға мүмкіндік бар. – деп өз сөзін түйіндеді екбеккер Сәтбек Дүйсенбаев.